Тәуелсіздік құрдасы болу — мәртебе

Тәуелсіздік құрдасы болу — мәртебе

Еліміз егемендігін алған тұста дүниеге келген Тәуелсіздіктің құрдастары қасиетті Талғар топырағында да аз емес. 1991 жылы өмірге келіп, бүгінде туған еліне қызмет етуге жарап жүрген жастардың қатарынан Салтанат Сұлтанбекованы ерекше атап өтуге болады.

— 1991 жылдың 28 ақпанында қазіргі Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйтерек ауылында дүниеге келген едім. Мен туылған жылы еліміз егемендігін алып, азат ел атаныпты. Сондықтан да өзімнің ата-бабаларымыз аңсаған азат елде дүние­ге келгеніме қуанамын. Тәуелсіздіктің құрдасы болу — мен үшін биік мәртебе. Тә­уелсіз мемлекет атанып, жаңа өмірге қадам басқан Қазақстанмен бірге өсіп, шыңдалу үлкен сынақ деп ойлаймын. Осыдан тура 30 жыл бұрын тәуелсіз ел болып, өз алдына отау тігіп, дамудың даңғыл жолына түскен мемлекетіміз бүгінде төрткүл дүниеге танылды. Азаттықтың жаршысындай зеңгір көкте желбіреген Туымыз бар, еңселі елордамыз, Ата заңымыз бен Елтаңбамыз, бүкіл жұрт қосыла айтатын Әнұранымыз бар. Сол сынды мен де Тәуелсіздікпен қатар өсіп, кеше жөргектегі сәби болсам, бүгін отыз жасты еңсеріп, еліме қызмет етіп жүрген маманмын. Мен тәуелсіздік құрдасы екенімді мақтан тұтамын,- дейді әңгіме барысында Салтанат Тәжиханқызы.

Салтанат 2008 жылы Талғар қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №9 орта мектебін аяқтаған бойда жоғарғы оқу орнына түскен. 2013 жылы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетін экономика мамандығы бойынша тәмамдаған. Өзі алғыр болғандықтан болар еңбекке ерте араласып, 2009 жылы «Алматы Снэк Фуд» компаниясының «RG Brands Kz» жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігінде тазалау операторы болып еңбек жолын бастап кеткен. Жас та болса өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, басшылардың көзіне түскен Салтанат аталмыш серіктестікте дайын өнімді буып-түюші болып 2012 жылға дейін жұмыс жасаған. Одан кейінгі екі жылда қолына дипломын алып, «БеСт-К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде есепші болып қызмет атқарды. 2014 жылы Талғар ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жұмысқа орналасу үшін арнайы сынақтардан сүрінбей өтіп, бүгінде «Құқықтық және ұйымдастыру жұмысы» бөлімінің бас маманы лауазымында қызмет атқарып келеді. Мемлекеттік кірістер басқармасының еліміздің қаржы саласындағы алатын орны өте маңызды. Сондықтан да онда қызмет ету зор жауапкершілікті талап етеді. Салтанат өз міндетін ыждағаттылықпен атқаратын, өз ісіне тиянақты, еңбекқор маман.

— Менің мақсатым елімді өркендету үшін кішкентай болса да үлесімді қосу. Туған жеріме қызметімді жасау. Өйткені бейбіт елде өміріме азық боларлық білімімді алдым. Жаңа Қазақстанның жаңашыл істеріне куә болып келемін. Елімізде жастарды қолдау мақсатында әр деңгейлі бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Дені сау және жан-жақты дамыған жастарды тәрбиелеу үшін спорттық және демалыс инфрақұрылымдарының желісі кеңейтіліп, оған қолжетімділік артты. Егемен елдің мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беріп жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосу, елдің бетке ұстар азаматы болу – әрбір жас ұрпақтың парызы деп ойлаймын. Тәуелсіздіктің 30 жылында өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің мерейін көтеріп, байрағын желбірететін де тәуелсіз Қазақстанның құрдастары екені сөзсіз. Сондықтан біз мұндай мәртебелі іске әрқашанда дайын болуымыз керек,- дейді жас маман.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»