«Ізденсе, талаптанса, қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнтталмаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес», – деп Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, Талғар аудандық жасөспірімдер спорт мектебіндегі қыздар волейболының жаттықтырушысы Тулеев Тимур Талғатұлы өз мамандығының қыр-сырын шебер меңгерген талантты спортшының бірі. «Әке көрген-оқ жонар»- демекші, оның атасы Сағынғали Тулеев 40 жылдан астам №3 орта мектепте дене тәрбиесінің мұғалімі болып «Спорт профессоры» атанған жан.
Сағынғали атасы дайындаған Талғар командасы кезінде Бүкілодақтық Спартакиадада «Алтын дән» бағдарламасы бойынша Мәскеуде өткен аламан бәйгеде жүлде алғанын біреу білсе, біреу білмес. Кеудесіне: «Қазақ ССР оқу-ағарту саласының үздігі», жас ұрпақты спортқа баулудағы еңбегі үшін берілген: «Еңбек Қызыл Ту» ордені Сағынғали Тулеев ақсақалдың спортқа сіңірген еңбегін паш етіп тұрғандай. Ал, Тимурдың әжесі Биғайша Есімова мектеп оқушыларына арналған ағылшын тіліндегі оқулықты шығарушы мұғалім болғанын Талғар жұртшылығы жақсы біледі. Аудандық спорт мектебінде 2010 жылдан бері еңбек ететін Тимур Тулеев қазір қыздар волейболын биікке көтеруде. Ол дайындайтын қыздар командасы облыстың командалары арасында үнемі алғашқы орындарды алып жүрсе, он жылдан бері ол дайындаған волейболшы қыздар республиканың түрлі командаларында ойнап жүр. Мәселен, оның талантты шәкірттері Әсемай Сабанбаева мен Айсұлу Мұхтарқызы жағажай волейболынан Қазақстан құрамасының белді мүшелері. Қазір Тимур дайындайтын жасөспірім қыздар командасы Алматы облысындағы ең үздік командаларының бірінен саналады. «Ізденген жетер мұратқа» – демекші, талантты бапкер Тимур Талғатұлын біз әлі талай-талай биіктерден шәкірттерімен бірге көретін боламыз.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».