Ақиқаттың ақ жебесі

Ақиқаттың ақ жебесі

Қазақтың баласы өзгеден кем болмасын деп ойлайтын ұлт жанашырларын саусақпен санап аларлық деңгейге жеттік. Кеңестік жүйенің сұрқай да солақай саясатынан сескеніп өскен аға буынның бала буынға айтары – ұлт мүддесін түгендеуге жетпей жатыр.

Дегенмен, жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүрер жадағай шалалықты жасыр­майтын, баянсыз беделге бас ұрмайтын қайсар жандардың арамыздан табылғанына шексіз қуанып қалатыным бар. Әділдіктің ақ туын желбіретіп, ақиқаттың ақ жебесін қадай білер сондай жанды көңіліңе медеу тартып, көп ішінен іздеп тұрасың. Ол сенің сырласың, сыйласың секілді. Солқылдамай тура айтатын қасиеті мақаланың белгілі бір қалыптан ауытқымауын бақылап, електен өткізуге дағдыланған (амал жоқтықтан) бізге де батылдық беретінін жасырмаймын. Бұл айтылған қасиеттердің басымы тектен дарып, сүйекпен бітсе, көбі өмір ұсынған «соқтықпалы, соқпақты жолдарды» игере жүріп, «асықпай жүріп, анық басудың» арқасында уақыт еншісімен дарыған қасиеттер.
Ана тіліміздің үстемдік құруына кедергі жасап, көлденең тұрып жүргендер – ең алдымен өзінің ұлтын менсінбейтін өгей, асыранды бала сияқты тұлғалар екенін ашына айта алатын нағыз ұлт шырақшысы кім десеңіз, ол – аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін абыроймен басқарып келе жатқан Фарида Бегенбаева. Ұлт игілігі жолындағы еңбегіне жоғары баға беріліп, Фарида Мамырбекқызы жуырда Алматы облысы әкімі А.Баталовтың қолынан «ҚР Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Ұлттың жоғын түгендеп жүрген еңбегін бұлдау дегенді де, «көрерміз» деп бұлдану дегенді де білмейтін ел мүддесін күзеткен, туған тілін ту еткен, азаматтық борышын мінсіз атқарып келе жатқан біртуар жанның бұған дейінгі марапат-медальдары бір төбе болса да, үздіктің үздігі атану екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Марапат иесін құттықтай отырып, санаға – нәр, ұрпаққа бағыт-бағдар берер еңбегіңіз жана берсін дейміз!

Меруерт Мәулет,
«Талғар»