Жүлдегерлер анықталды

Жүлдегерлер анықталды

Жыл сайын мемлекеттік тілді білуді өзінің азаматтық парызы санайтын жастардың көбеюі жаңа байқаудың ұйымдастырылуына сеп болған-ды. Ол – мемлекеттік тілді меңгерген белсенді өзге ұлт жастарын ынталандыру мақсатын ұстанған «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» байқауы. Биыл екінші мәрте өткізілген шара пандемияға байланысты онлайн форматта өтті.

Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту үшін ұйымдас­тырылған шараға қатысқан үміткерлердің ішінен жақында ең озықтары іріктелініп, марапатталды. Бас жүлдені Ж.Жабаев атындағы № 6 жалпы білім беретін орта мектептің химия пәнінің мұғалімі Наталья Зауэр жеңіп алса, І орынға № 31 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілдерінің мұғалімі Зайтуням Рашитова лайық деп танылды. ІІ орынға № 19 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Дилноза Жалилова тұрақтады. Барлық жүлдегерлер шараны ұйымдастырушы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ф.Мамырбекқызының қолынан марапаттарын алып, естелік сыйлықтарға ие болды. Алғашқы орын иегерлері Наталья мен Зайтуням облыстық байқауға жолдама алды.

Сондай-ақ этнос жастары арасында Абай шығармашылығын насихаттап, құндылығын арттыруды көздеген «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің» де жүлдегерлері анықталды. Онлайн форматта өткен байқауға қатысуға ниет еткендерге қарап Абай қазынасына ден қойып, рухани ләззат алғысы келген жастардың көптігіне қуандық. Қай-қайсы болмасын өлеңдерін жаттап қана қоймай, мағынасын түсініп, нақышына келтіре оқуға тырысқандығы байқалады. Нәтижесінде бас жүлдені Тұздыбастау ауылындағы № 31 жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зарина Ерланқызы жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды. І орынды осы мектептің бастауыш сыныбының мұғалімі Замира Тохтамова, ІІ орынды № 24 жалпы білім беретін орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Зарина Садыкова, № 28 жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Гульназ Мусаева, №24 жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Мухабатхан Илиева иеленді. ІІІ орынға № 31 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті және ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Зайтуням Рашитова, № 32 жалпы білім беретін орта мектептің 10-сынып оқушысы Карина Безе, № 39 орта мектептің математика пәнінің мұғалімі Фатима Жумаева, №24 жалпы білім беретін орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Юлтузай Илалова тұрақтады. Ұйымдастырушылардың «Алғыс хатымен» №1 жалпы білім беретін орта мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Лариса Ивановна, № 40 жалпы білім беретін орта мектептің оқушылары Анастасия Фучуджи, Ева Калашникова және № 19 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Дильноза Жалилова марапатталды.

Меруерт Бөлек,
«Талғар»