Ұлттық мәдениетің мықты болса рухың да жоғары

Ұлттық мәдениетің мықты  болса рухың да жоғары

Орта ғасырда Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда-саттығымен, өрелі өркениетімен дәуірлеп тұрған Талхиз қалашығына қарап Талғар мәдениетінің тамыры тым тереңде жатқанын аңғарасыз. Одан беріде ұлттық театр өнерінің жұлдызы Ыдырыс Ноғайбаевты, демограф Мақаш Тәтімовті, қазақ баспасөзі саңлақтарының бірі Бекболат Әдетовті һәм басқа атақты түлектерін талғарлықтар орынды мақтаныш етіп келеді. Қазақтың жан дүниесін, қайыспас қайратын, мұқалмас намысын сезіндіретін ұлттық өнерді ұлықтау, насихаттау бүгінгі буынның да бойынан табылып келеді. Сол мақсаттағы ауқымды жұмыстардың тасасында, әрине ұлт игілігі жолында тер төгіп келе жатқан өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің қыруар еңбегі жатыр. Талғар төсіндегі айшықты шаралардың қай-қайсысы болмасын сол жандардың төккен тер, еткен еңбектерінсіз өткен емес.

Ауданға қарасты 16 мәдениет мекемесінде (4 Мәдениет үйі, 1 саңыраулар клубы, 9 кітапхана, 1 облыстық архив, 1 облыстық музей) түрлі деңгейде іс-шаралар жыл он екі ай ұйымдастырылып тұрады. Жеті ұжымда «Халықтық» атағы бар. Ауданға қарасты Мәдениет үйлерінде 48 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олар әлемді әбігерге салған жұқпалы дерттің кезінде де қол қусырып жатпай, жұмыстарын онлайн форматта жандандырды. Яғни өткен жылдың қаңтар-наурыз айларында 131 іс-шара талғарлықтардың қатысуымен өтсе, сәуір-желтоқсан айында 2186 іс-шара онлайн форматта көрерменге жол тартқан.
Өткен жылдары «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында аудандық Мәдениет үйінің жылыту жүйесі жасалып, газға қосылды. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Бесағаш ауылдық Мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтуде. Қызыл-Қайрат ауылдық Мәдениет үйі мен аудандық кітапхананы газға қосу бағытындағы жұмыстар сараптама қорытындысын күтуде. Әрине мәдениетке қатысты мақалада аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін айналып кете алмасымыз анық. Бөлім басшысы Фарида Бегенбаева мен бөлім мамандары Ұлбосын Ақжігітова, Арсен Құрманғазиев сынды ұлттық болмысы асқақ жандар барда ұлттық бірегей мәдениетіміз өзгеге үлгі бола бермек. Дегенмен ұлттық мәдениетке қатысты мәселелер бәрімізге ортақ болғандықтан осы саланы өркендетуге жұмыла күш салсақ, ұтарымыз мол болмақ.

Меруерт Мәулет
«Талғар»