Санаулы күндерден соң оқу жылы аяқталып, соңғы қоңыраудың сыңғыры да естіледі. Бұл мереке ата-аналар үшін қуанышты күн болса, оқушылар үшін қимас балалық шақпен қоштасу күні, сағыныш сезімін ұялатып, өткенге қайта оралтатын ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн. Жылылықтың мекеніне айналған мектеппен қош айтысар түлектер үшін соңғы қоңырау рәсімінің маңызы айырықша.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялаған пандемия кезінде COVID-19 коронавирустық инфекцияларының таралуының алдын алу үшін 2020-2021 оқу жылында ауданның білім беру ұйымдарында қашықтан оқыту, аралас форматта білім беру, кезекші сыныптар жұмысы жыл басынан ұйымдастырылды. Мұғалімдер қашықтан білім беру жүйесімен астастырып бейімдеп, оқу үрдісінің барысын қадағалап, тапсырмаларды орындау барысында, өз бетімен бақылау-пысықтау жұмыстарын орындау жөнінде әр оқушыға ұсыныстар беріп, оң нәтижеге жұмыс жасай алды. Биылғы жыл адамзатқа қиындығы көп болды, дегенмен осы қиындықтан шығар жолды іздеуде ұстаздар қауымы білім берудің барлық тиімді деген жолдарын тауып, өз шығармашылығы мен оқу үрдісіне қолдана білді.
Биылғы қорытындыға сүйенер болсақ, аудан бойынша мектеп бітіруші 11-сынып оқушыларының саны 1526 болса, олардың барлығы мемлекеттік аттестаттауға қатысады. “Алтын белгі” төс белгісіне 152 үміткер,үздік аттестатқа 110 үміткер ұсынылып отыр. Жалпы 2020-2021 оқу жылында 42 білім беру мекемелерінде 44798 оқушы білім алған болса, 3 тоқсандағы білім сапасының көрсеткіші 62,8% құрайды. Мінеки осындай көрсеткіштің нәтижесі ұлағатты ұстаздардың ерен еңбектерінің айқын дәлелі.
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеу іс-шаралары кезеңінде негізгі орта және жалпы орта білім беру бағдарламалары бойынша қорытынды аттестаттауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықтың жалпы ережелеріне сәйкес қалай атқарылатынын аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Ләззәт Серікқызы тарқатып айтты.
Биыл 9-сынып білім алушыларының қорытынды бітіру емтихандары ағымдағы жылдың 28 мамыр мен 5 маусым аралығында, ал 11-сынып білім алушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 1-10 маусым аралығында өтеді. Білім алушылар қорытынды бітіру емтихандарында ана тілінен 250-300 сөз көлемінде эссе жазады, эсседе оқушы тақырыпқа сай көтерілген мәселе бойынша дәлелдер мен дәйектер келтіріп, өз пікірін, негізгі идеясын жүйелі түрде жеткізіп, ой түйіндей білуі қажет болса, математика пәнінен оқушылардың математикалық фактілер, түсініктер және тәсілдерді меңгеру деңгейін, есеп пен логикалық тапсырмаларды шешу қабілетін тексеруге арналған тапсырмаларды орындайды. Ал орыс тілі мен әдебиеті бойынша 11-сыныпты бітірушілер 2 блокқа бөлінген мәтін тапсырмаларын орындап, оның ішінде тыңдалым және оқылым бойынша сұрақтарға жауап береді. Қазақстан тарихы пәнінен тест сұрақтары және контекст бойынша сұрақтарға жауап береді.1192 мектеп бітіруші мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарына түсу үшін 2021 жылдың мамыр айындағы бірінші мүмкіндікпен ҰБТ тапсыруға өтініш білдіріп, қазіргі таңда тесттен өтіп жатыр. Екінші ҰБТ-ны тапсыру мүмкіндігі 31 маусымға дейін жүргізіледі.
Айта кетейік биылғы оқу жылындағы қорытынды аттестаттау аяқталған соң, кейбір оқушылармен келесі оқу жылына дайындау мақсатында жұмыс жасалады. Пандемия, шектеу шаралары кезеңінде жіберілген білім олқылықтарының орнын толтыру үшін жұмыс жоспары бекітіліп, әр баланың қабілеті әртүрлі болғандықтан, оқытудың қол жеткізілмеген мақсаттары ескеріліп, әр пән мұғалімі тиімді оқыту тәсілдерін қарастыруда. Қазіргі таңда сынып жетекшілері әр ата-анамен, оқушылармен, пән мұғалімдерімен жеке жұмыстар жүргізіп жазғы оқу тоқсанының мақсаттарымен таныстырып, өтініштерін жинастыруда. Барлық ниет білдірген білім алушылар осы жылдың 19 маусымына дейін оқитын болады.
Ал, соңғы қоңырау дәстүрлі түрде 25-мамырда өткізіледі. Биылғы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты 1-8, 10 — сыныптарға онлайн режимінде сынып сағаты өтсе, 9, 11-сыныптарға өңірлік Бас санитарлық дәрігерлердің келісімі бойынша мектеп аумағында ашық алаңда санитарлық нормаларды сақтай отырып соңғы қоңырау салтанатты түрде өткізіледі. Соңғы қоңырауды ұйымдастыру барысында барлық қатысушыларға «Соңғы қоңырау» іс-шарасын өткізу тәртібі және қауіпсіздік талаптарын сақтау туралы нұсқаулық таратылып, мектеп ауласы мен ғимаратында сызба сызылып, ата-анасының немесе заңды өкілінің тек біреуінің қатысуымен, бетперде режимін және 1,5 метрден кем емес арақашықтығын сақтау, кешенді қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету міндеттелген.
Сонымен қатар шектеу шараларына байланысты іс-шараны мектеп қабырғасында, түрлі ойын-сауық орталықтарында өткізуге, мерекелік дастархандар жаюға рұқсат етілмейді.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»