Ораза айт мерекесіне аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мадақтар болсын! Сіздерді мұсылман қауымының ұлық, қастерлі мерекесі — Ораза айт мейрамының басталуымен құттықтаймын. Айт мүбәрак болсын, ағайын!
Айт сөзі-мереке, хал сұрау деген мағыналарды білдіреді. Жаратушы Иеміз әрбір ізгі амал мен игілікті істің сауабын беріп, мейірім-шапағатын төгеді. Ораза айт — бір ай бойы ораза ұстап, ықыласпен жақсылық жасаған адамның құрметке, марапатқа ие болатын кезі.
Айт күнінде толық жуынып, жұпар иіс себініп, жамағатпен айт намазына қатысудың сауабы ерекше. Ағайын-туысты, көршілерді мерекемен құттықтап, тілеулестік білдіру — игі амал. Ораза айт — отбасылық мереке. Мейрам күні ата-анамызға, балаларға сыйлық үлестіріп, ағайын-көрші, туыс, бауырларды қонаққа шақырып, айрықша көңіл бөлу де — сауапты іс.
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Алла Тағала ұстаған оразамызды, дұға-тілектерімізді, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы амалдарымызды, берген зекет пен пітір садақаларымызды қабыл етіп, мол сауаптан жазғай!
Алла еліміздің тәуелсіздігін тұғырлы етіп, жамандықтан сақтасын! Жаһанды жалмаған індеттен тезірек арылып, ел аман, жұрт тыныш болсын! Әумин!
Қажымұқан Қамбарұлы,
Талғар ауданының бас имамы