Депутат ел ортасында

Депутат ел ортасында
Халықтың қоғамдағы талабы мен тілегі, мүддесі билікке депутаттар арқылы жетіп жатады. Депутаттар халықпен бірге болған кезде ғана олардың қандай мұқтаждықтары бар екенін және ел ішіндегі басқа да шешімі қиын мәселелерді біле алады. Сондықтан да депутаттар ел арасында жиі болып, жұрт жағдайын жақсы білмей, мемлекет дамуына өзіндік үлес қосатын заңдарды қабылдай алмайтыны белгілі.
Сұлтан Нұрдаулетов – бүгінде облыстық мәслихаттың депутаты. Жыл басындағы сайлауда топ жарып, ел ықыласына бөленген азамат бүгінде өз міндетіне білек сыбана кірісіп кеткен. Бұған дейін аудандық мәслихатта депутат болып, еліне адал қызмет еткен азаматқа аудан жұртшылығы зор үміт артуда. Өйткені ауданымыздағы түйіні түйдектелген кейбір мәселелердің шешімін тек облыс мәслихаты арқылы ғана шешуге болады. Бұл ретте Сұлтан Нұрғайыпұлының жауапкершілік жүгі артып, ел мүддесі жолындағы еңбегі еселене түседі.
Елге қызмет етуді азаматтық борышы санайтын халық қалаулысы өз қызметіне кіріскен сәттен бері ел арасынан табылуда. Онлайн форматта өткен облыстық мәслихаттың кезектен тыс ІV сессиясына қатысып, «Nur Otan» партиясының Алматы облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында да комиссия құрамынан табылды. Ауданымыздың әкімі Қайдар Әлиханұлымен экспром кездесу өткізіп, әкімшілік құзырында шешіліп жатқан өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Талдықорған қаласында облыстық мәслихаттың дін, тіл, этносаралық қатынастар, ішкі саясат және жастар саясаты мәселелері бойынша тұрақты комиссияның отырысына да атсалысты. «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында Кеңдала бастауыш партия ұйымында болып, әріптес­терімен бірге ауылдағы қордаланған мәселелер бойынша рейд ұйымдастырды. Құзырлы орган өкілдерімен бірлесе мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, бақылауына алды. Жұмыс бабымен Қайнар ауылдық округінде болып, жүргізіліп жатқан газ құбыры жұмыстарының сапасын бақыласа, Дәулет ауылының тұрғынына қайтарымсыз грант алуына қол ұшын беріп, аудандық «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауына келген екі азаматтың мәселесінің оңтайлы шешілуіне септігін тигізді.
Жуырда бір топ сайлаушылардың өтініші бойынша аудан әкімінің орынбасары Ермек Толқынов пен аудандық сәулет және қалақұрылысы, жер комитеті басшыларымен дөңгелек үстел басында бас қосып, тұрғындарды толғандырып жүрген жер, тұрғын үй құжаттарын рәсімдеу ісіндегі кедергілерді жою мақсатында ортақ ойларымен бөлісті. Жер мен үйді заңдастыру бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі десек болады. Себебі тұрғын үйлері заңдастырылмағандықтан көптеген азаматтар тіркеуге тұра алмай, мемлекеттік жәрдемақыдан қағылып, балаларын мектепке орналастыруы, медициналық көмек алу ісінде де қиындықтарға тап болып жатады. Сондықтан да осы мәселеге жауапты орган қызметкерлері барынша көмек беріп, қолдау көрсетуге әзір екенін айтқан.
Одан кейін Алматы қаласындағы «Кәусар» балалар үйіне де бас сұғып, ондағы балалардың жай-күйімен танысты. Қасиетті Рамазан айының ізгі амалдарын жасап, ауызашар беріп қайтты. Балалар үйінің басшысы Мөлдір Уәлиханқызымен сұхбаттасып, ораза тұтқан балаларға ризашылығын білдірді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»