Қасиетті айдағы қайырлы іс

Қасиетті айдағы қайырлы іс

Қоғамымызда тағдыр тауқыметін тартып, мате­риалдық мұқтаждыққа тап болған қандастарымызға жәрдем беру ұлтымызға тән асыл қасиет. Ақыл есі бүтін жұмыр басты пенде жалған дүниеде Алланың берген нығметіне шүкір ете отырып, ізгілікке, жетімнің басынан сипауға, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға ұмтылуы тиіс.

Жүректері ізгілікке толы жомарт жандардың бастамасымен ауданымыз­да тағы да қайырымдылық шарасы ұйымдастырылған еді. Қасиетті айда қайырымдылық көрсеткен аудандық мешіттің бас имамы Қажымұқан Қамбарұлы мен «Биеке батыр» мешітінің бас имамы Қасымхан Тайшықов, Рысқұлов ауылындағы «Береке» мешіті мен қаламыздағы «Аs-Fast» фасфуд орталығының ұжымы. Ауданымыздағы осындай қайырымды істердің басы-қасында жүретін «Самға-Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатарынан мұқтаж отбасыларды анықтап, оларға көмек қолын созу үшін жоғарыда аталған азаматтарға жүгінген. Жомарт жандар бастаған жамағат 45 мұқтаж отбасына азық-түлік пен гигиеналық заттар үлестіріп берсе, Рысқұлов ауылындағы «Береке» мешіті мен қаламыздағы «Аs-Fast» фасфуд орталығының ұжымы бірлесе 20 отбасына азық-түлік таратып, қасиетті айда мол сауапқа кенелді. «Самға-Н» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Назгүл Рысбаева еріктілермен бірге азық-түлікті мұқтаж отбасыларға жеткізіп беру ісіне атсалыс­ты. Үнемі қам көңіл жандарға қамқорлық танытып жүретін бұл бірлестіктің басшылығына және жомарт жүректі азаматтарға жұршылық дән риза.

Перизат Ауғанбайқызы
«Талғар»