Төрайым ардагерді құттықтады

Төрайым ардагерді құттықтады

Ұлы Жеңіс күнінің 76 жылдығына орай халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Медетқызы Ұлы Отан соғысының ардагері, Талғар қаласының тұрғыны Жұмабек Сапаровтың шаңырағына арнайы барып, құттықтады. Жұмабек Молдабайұлы 18 жасынан соғысқа аттанып, қанқұйлы қырғынның ортасынан аман-сау келген қарт майдангер.

«Соғыстан ғана емес 30-жылдардағы аштықтан да аман қалғанмын. Өзімді періштем желеп-жебеп жүретін болса керек» деп есте қалған ескі естеліктерімен бөлісті. Бүгінде 96-ға аяқ басқан қарияның санасы сергек, сөзі түзу. Сол сұрапыл сәттерді еске алғысы жоқ. Мына бейбіт заманда жарқын болашаққа деген нық сеніммен өмір сүру керек деген ниеті ақ. Елге оралғаннан кейін де өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан ардагердің тек майдандастарының қатары азайып бара жатқаны көңілін құлазытады екен. Десе де, Кеңес Одағының қатал шекпенінен өткен қария үшін Тәуелсіздіктен асқан бақыт жоқ. Өзін құттықтай келгендерге де алдымен егемен ел болғанымыздың бағасын білу басты парыз екендігін баса айтып отырады екен.

Ардагердің тәлімді әңгімесінен кейін сөз алған Рая Байшықова жеңістің дәмін сезінген алғашқы ұрпақ ретінде бейбіт заман сыйлаған майдангерге шексіз алғысын білдірді. Аталы сөз айта білетін қарияларымыз бен кеудесін оққа тосқан оғландарымыздың ізі ешқашан көнермейтінін тағы бір мәрте айтып, қоғам атынан дайындаған «Алғыс хаты» мен сый-сыяпатын тарту етті. Қазақтың ырымымен иығына шапан жауып, ақ батасын алды.

Ардагер де өзіне үнемі көрсетіліп отырған қамқорлық пен қолдау үшін ризашылығын білдіріп, елеп-ескере келген қоғам басшысына рахметін жаудырды.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»