Ауыз су мәселесі әкім назарында
Өткен аптаның жұмасында аудан әкімі Қайдар Әбдіханов Бесағаш ауылдық округіне арнайы барып, бірқатар өзекті мәселелер бойынша ауылды аралады. Бірінші кезекте аудан басшысы Бесағаш ауылындағы №45 орта мектептің ауласындағы шатыр астына жиналған ауыл белсенділерімен кездесті. Ауданымыздағы эпидахуал әлі де көңіл көншітерлік болмаған соң кездесуге санаулы ғана ауыл тұрғыны шақырылды. Оның өзінде де барлық санитарлық нормалар сақталып, кездесу таза ауада өтті.
Жиылған жұртшылық алдында бірінші болып сөз алған Қайдар Әлиханұлы бесағаштықтарды ауданымыздың тыныс-тіршілігімен таныстырып өтті. Әсіресе Бесағаш ауылдық округіне қатысты электр энергиясы, ауыз су, жол жөндеу, жарықтандыру, байланыс желілерін жолға қою мәселелері бойынша жасалып жатқан жұмыстар мен болашақ еншісінде тұрған жоспарларымен бөлісті. Бюджет қоржынынан бөлініп жатқан қаражат мөлшеріне дейін егжей-тегжейлі айтып берді. Содан кейін ғана ауыл тұрғындарының өтініш-тілектерін тыңдады. Бесағаштық белсенділердің басым көпшілігі ауылдағы ауыз судың тапшылығын алға тартса, енді біреулері жол мен жарықтандыру мәселесін көтерді.
Аудан әкімі кездесу барысында көтерілген мәселелерді көзбен көріп, жұртпен жүздесу үшін ауылды аралады. Алдымен «Тау самалы» саяжайының тұрғындарымен кездесіп, ондағы ауыз судың тапшылығы мен бағасының қымбаттығына қатысты жұрттың жанайқайын тыңдады. Мәселенің мән-жайына қаныға келе, саяжайды ауызсумен қамтып отырған Алма есімді жеке кәсіпкермен кездесіп, саяжайға ауызсу беруді тұрақтандырып, суға төленетін бағаны ретке келтіру мәселесі бойынша жұмыс жасайтынын айтты. Ауыл статусын беру үшін ешқандай заң талаптарына сай келмейтін саяжайға мемлекет тарапынан қаржы бөлу де заңға қайшы екендігі түсіндірілді. Ал саяжайды сапалы ауыз сумен қамту үшін алдағы уақытта бюджет қоржынынан қомақты қаражат бөлініп, ірі жоба іске қосылатынын айтып, алдағы екі жыл аясында бұл мәселе түбегейлі шешімін табатынын тілге тиек етті.
Аудан басшысы одан кейін «Орынтай» мөлтекауданына атбасын бұрып, тұрғындарының өтініш-тілегін тыңдады. Онда жарық пен күл-қоқысты тазарту мәселесі көтерілді. Ауылдың тау беткейіндегі «АКНМ» мөлтекауданының тұрғындары аудан басшыларының жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»