Азанды ел азбайды

Азанды ел азбайды
Әрбір жақсылықтың сауабы мың есеге артатын қасиетті Рамазан айында Талғар қаласының Абай көшесінің төменгі жағында орналасқан мөлтек ауданында күмбезі көк тіреген жаңа мешіт ашылды. Қала тұрғындарын зор қуанышқа бөлеген салтанатты шараға ҚМДБ-ның төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ дін істері бөлімінің басшысы Нұрбек қажы Әуесханұлы, аппарат басшысы Ғалымбек Жәдігерұлы, Алматы облысы, Алматы өңірінің бас имамы Қуаныш Наржанов, Талғар аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, аудандық мәслихат хатшысы Мұхит …, басқа да қонақтармен қатар қала тұрғындары қатысты. Мешіт-Алланның жердегі үйі. Ол Жаратушыны танудың, ізгілік пен мейрімділіктің және құлшылық жасаудың ордасы. Мешіт салу — аса сауапты іс. Алла үйін салған адамдарға Пайғамбарымыз (с.а.с) хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға ат салысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды» — деген. Расында да, адамның жақсы ізгі істерінің сауабы осы өмірден өткеннен кейін тоқтайды. Ал, кімде-кім мешіт салдырған болса, онда оның өмірден өткенінен кейін де сауабы жалғаса береді. Бұл — жария садақаға жатады.

Мешіттің ашылу салтанаты Тәңірбергентегі Дархан қаридің қасиетті Құран аяттарын оқуымен басталды. Ықыласты мүміндер мен шыншылдардың мырзасы, Пайғамбарлардан (c.ғ.с.) кейінгі ең ізгі жан Әбу Бәкір ас-Сыддық (р.а) есімімен аталған жаңа мешіттің ашылу сәтінде алғашқы болып сөз сөйлеген Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы жиналған жамағатқа ізгі тілегін жеткізе келе, имандылық ордасының қала халқы үшін ізгілікке насихаттаушы, мейірімділік пен бірлікке шақырушы орынға айналуын тіледі. Сауабы мол игі іске ат салысқан барша азаматтарға, оның ішінде мешіт құрылысын толықтай аяқтауға үлкен демеушілік көрсеткен Сейдолла есімді азаматқа, Мұқан Нысанұлы мен Нұржан Махмұдұлына үлкен ризашылығын білдіріп, ел-жұрттың атынан алғыс айтты. Онымен қоса, мешітке арнап әкелген естелік сый-сияпатын табыс етті. ҚМДБ-ның Алматы облысы, Алматы өңірі бойынша бас имамы Қ. Наржановтың, Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ж. Еңкебайұлының сауабы мол шарада айтқан ізгі тілектерін жиналған жамағат жылы қабылдады. Қазақы салт-дәстүрімізге сай қадірменді қонақ — Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлының иығына зерлі шапан жауып, құрмет көрсетті. Ақ жаулықты аналарымыз шашу шашып, мешіттің көк лентасы қиылды. Осыдан соң жиналған жамағат әлеуметтік қашықтық пен санитарлық талаптарды сақтай отырып мешіттің құрметі үшін екі рәкағат сәлем намазы мен алғашқы екінті намазын оқыды.

 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (c.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Адамдардың ең қайырымдысы Құран Кәрімді оқып, оны басқаға үйреткендерің» десе, тағы бір хадисінде: «Үмметімнің ең үлкен құлшылығы Құран оқу»-деп өсиет еткен. Қарилар дайындайтын орталықта дәріс алған зейінді жастар қасиетті Рамазан айында Құран Кәрімді толықтай жатқа оқып, яғни хатым түсірген. Іші нұрға бөленген Алланың жердегі үйінде оқылған намаздан кейін Бас муфти ауданымыздағы Белбұлақ ауылындағы қарилар дайындайтын орталықтың шәкірттері Әлібек Арманұлы, Абылай Нәзімбекұлы және Мейрамбек Құрманғазыұлына дән ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді. Сонымен қатар қайырлы да сауабы мол амалды орындаған жас қариларға жер телімдерінің актісін қоса табыс етті.

Бұл күні ҚМДБ-ның «Зекет және қайырымдылық» қоры «Берекелі Рамазан керуені» акциясы аясында қайырымдылық марафонын жалғастырып, мұқтаж жандарға азық-түлік таратты. Арнайы ірі қара сойылды, еті үлестіріліп берілді. Алыстан ат терлетіп келген Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған дін өкілдері ең алдымен мыңнан аса балаға пана болған алтын жүректі ана Тұяқ Қазкенқызы мен Әнуарбек Байсаринның «Нұр» отбасылық балалар үйінде болып, бүлдіршіндерге арнайы әкелген сыйлықтарын табыс етіп, көңілдеріне көктем ұялатып қайтты. Сондай-ақ, «Нұр-Мүбәрак» университетіне қарасты Талғар ауданы Кеңдала ауылында орын тепкен ұл балаларға арналған медресеге ат басын бұрып, онда білім алып жатқан жастармен кездесті.
Айта кету керек, аталмыш мешіттің ең алғаш іргетасы 2016 жылы қаланған, оның жер аумағы 50 сотоқты құрайды. Бүгінде қала көркіне сән беріп, сәулеті келіскен үш қабатты зәулім мешітте бір мезетте 1000 адам еркін сыйып, құлшылығын өтей алады.
Райхан Азимова.