ХХІ – ғасыр білімділер ғасыры. Ұлы Абайдың «Артыңызға іс қалдырғыңыз келсе, ұрпаққа адамгершілік нұрын сеуіп, білімге тәрбиелеу керек» – деген сөзі білім мен тәрбиенің қажеттілігі мен маңыздылығын айқындай түскендей. Ендеше бізге ой өрісі дамыған, дарынды, зерделі, жан-жақты, парасатты ұрпақ керек екенін бір сәт те естен шығармағанымыз жөн.
Ю.Гагарин атындағы дарынды балаларға арналған №8 мектептің 7-сынып оқушысы Жанәділ Мұхаметжанұлы бала кезінен дарындылығымен көзге түсе білген сондай зерек оқушының бірі. Үнемі ізденіс пен өзін-өзі дамытудан жалықпайтын жас өрен жуырда Түркиядағы математика пәнінен Халықаралық мектеп оқушылары арасында өткен олимпиадаға қатысып жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Алдымен бұл білімді баланы қолдап, демеу көрсеткен басшылығы мен ұстаздарының арқасы болса, екіншіден болар баланың белін буған ата-анасының да үлкен жемісі. Анасы Бақытжамал Джолбарисова аудандық кітапханада өзімізбен бірге жұмыс істейтін әріптесіміз. Баласын кітап оқуға баулып, сөз байлығын дамытып жүргеніне талай куә болғанбыз.
Ал Жанәділдің екінші қыры – спорт. Жастайынан суда жүзумен айналысады. Шахмат ойнауды өте жақсы көреді. Жарыстарға қатысып, жүлделі орынға да ие болған сәттері көп. Біз өз тарапымыздан Жанәділді жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Әлі талай додаларда туған жерінің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз.
Сәуле Карыбозова,
аудандық кітапхананың библиографы