Жаңа төраға тағайындалды

Жаңа төраға тағайындалды

Күні кеше аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында «Nur Otan» партиясы Талғар аудандық филиалының ХXVIII есеп беру –сайлау конференциясы өтті.

Конференция жұмысына «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық фил­иалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева, Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіханов, аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахыт Күрішбеков қатысты. Бірінші кезекте конференция жұмысын жүргізу үшін жұмысшы органдар – мандат комиссиясы, санақ комиссиясы, конференцияның хатшылығы сайланып, күн тәртібі бекітілді. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе Талғар аудандық партия филиалының төрағасын сайлау бойынша партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева сөз алып, бұл лауазымға «Nur Otan» партиясы Орталық аппаратының, Алматы облыстық партия филиалының төрағасы А.Баталовтың келісімімен Талғар ауданының әкімі Қайдар Әбдіхановтың кандидатурасын ұсынды. Барлық делегаттардың қолдауымен Қайдар Әлиханұлы төраға болып сайланды. Одан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселеге кезек берілді. Талғар аудандық партия филиалының 2019-2020 жылдарында атқарылған жұмысы туралы аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахыт Күрішбековтің тұщымды баяндамасы тыңдалды. Бақыт Қуатбекұлының партияның екі жылда атқарған ауқымды істері туралы берген есебі оң бағасын алған соң, Талғар бас­тауыш партия ұйымының төрағасы Айдар Нұрмұханбет, Талғар аудандық емханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков, «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі Замира Қалымбетовалар кезекпе кезек сөз алып, атқарып жатқан жұмыстарын тілге тиек етіп, есепті баяндамаға қанағаттанарлық бағаларын берді. Күн тәртібіндегі үшінші мәселе Талғар аудандық партия филиалының Саяси кеңесі мүшелерін сайлау болатын. 19 адамнан тұратын Саяси кеңестің құрамы таныстырылған соң, бірден дауысқа салынып, бірауыздан сайланды. Бұл күнгі конференцияның күн тәртібіндегі соңғы мәселе Алматы облыстық партия филиалының ХXVIII есеп беру-сайлау конференциясына делегаттар сайлау болды. Аудандық партия филиалы атынан конференцияға 15 делегат сайлануы керек болатын. Саяси кеңес Бюросының отырысында конференцияға делегат ретінде ұсынылатын кандидатуралар талқыланып, тізімі алдын-ала таратылып берілгендіктен ұсынылған кандидаттарды қолдап барша делегаттар дауыс берді.

Жиын соңында Талғар аудандық партия ұйымы Саяси кеңесінің бірінші ашық отырысы өтіп, оның күн тәртібінде ұйымдық мәселе қаралды.«Nur Otan» партиясы Жарғысының 9.4. тармағына сәйкес, Талғар аудандық партия филиалы Саяси кеңесі Бюросының жаңа құрамын сайлау туралы мәселе көтеріліп, Саяси Кеңес мүшелерінің назарына Бюро құрамы 9 адамнан болсын деген ұсыныс түсіп, бюро құрамына енетін партия мүшелері таныстырылып, басым дауыспен Саяси кеңестің Бюро құрамы бірауыздан сайланды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»