Ауданымыздағы эпидахуалды бақылады
Апта басталысымен ауданымызға Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Қасенов Бауыржан Қазыбекұлы арнайы іссапармен келген еді. Ондағы мақсат ауданымыздағы эпидахуалды бақылап, тұрғындарды вакцинациялау жұмысының барысымен танысу болатын. Мемлекеттік инспекторды аудан әкімі Қайдар Әбдіханов өзі қарсы алып, аудан тынысымен таныстыруға бастап жүрді.
Жұмыс тобы бірінші кезекте аудан аумағындағы ең үлкен сауда кешендерінің бірі – «Магнум» сауда үйінің жанына қойылған көшпелі медициналық пунктің жұмысымен танысты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков пен аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Хасен Дасибеков халықты жаппай вакцинациялау кезінде аталмыш көшпелі медпунктердің маңызы зор екенін тілге тиек етіп, жұмыс жоспарларымен бөлісе жүрді. Ауданымыз әлі де қауіпті аймақта тұрғандықтан тұрғындарға екпе егу шаралары басты назарға алынып, екпе ектіруге ниетті азаматтарға барлық қолайлы жағдай тудыру үшін тиісті шаралар жүзеге асуда. Бір ғана «Магнум» сауда үйінің 200-ге жуық қызметкері екпе ектірсе, қалған 200 қызметкерінің де вакцина алуға ниетті екенінен хабардар болдық. Бауыржан Қазыбекұлы екпе салдырған азаматтармен тілдесіп, хал-жағдайларын сұрады. Барлығы да өздерін жақсы сезінетіндіктерін айтып, қатерлі індеттен қорғанудың бірден-бір жолы осы екпе екенін тілге тиек етіп жатты.
Келесі кезекте мемлекеттік инспектор Талдыбұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаториядағы вакцинациялау шараларының жүргізілуін бақылап қайтты. Дәрігерлермен тілдесіп, екпе егу кабинеттерінің жабдықталуын, вакцинаның сақталу тәртібін көрді. Содан кейін қаламыздағы «Алмалы» денешынықтыру кешеніне барып, онда жасақталған үш жүз төсектік қосымша бөлімшені де аралап қайтты.
Орталық аудандық ауруханаға арнайы бас сұғып, ауданымыздағы ірі серіктестіктердің бірі «Байсерке Агро» ЖШС-не арнайы ат басын бұрды.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»