Атадан мал қалғанша, тал қалсын
«Бұлақ көзін ашып, көзіңді қалдыр, жақсылық мұра шашып, ізіңді қалдыр, бау-бақша өсіріп, өзіңді қалдыр» – деген бабалар өсиетін арқау еткен аудандық «Nur Otan» партиясының бастамасымен аудандық мәслихат депутаттары арасында «Өз талыңды ек!» атты челлендж бастау алған болатын. Адамзат өмірінде қай заманда, қай қоғамда болмасын озық ойлы, өз заманы мен өз замандастарынан оқ бойы алда жүретін халық қалаулылары ауданымызды гүлдендіріп, қаламызды көркейтуге, жасыл желекке орап, ағаш егуге ерекше мән беріп келеді. Бұл жолы да игі бастаманы қолдап, бірден іске кірісіп кетті.
Қаламыздың қақ ортасындағы еліміздің біртуар перзенті Тұрар Рысқұлов саябағына тал егуді бірінші болып аудандық мәслихаттың депутаты, партияның бақылау комиссиясының төрағасы, Талғар қаласының тумасы Айдар Сарипов бастады. Саябаққа түрлі шыршалар отырғызып, туған топырағының гүлденуіне өз үлесін қосқан Айдар Саматұлынан челленджді халық қалаулысы Ержан Игібаев қабылдап алып, ол да ағаштарын егіп, саябаққа өз қолтаңбасын қалдырды. Алдыңғы буын ағаларының ізін басып келе жатқан аудандық мәслихаттың жас депутаты Марат Алиманов та саябаққа шыршалар егіп, челленджді ауданымыздың қоғам белсендісі, аудандық мәслихаттың үш шақырылымының депутаты Бауыржан Әукенұлына тапсырды. Дәстүрлі дінімізде үш түрлі әрекетті теңдесі жоқ сауап деп білген. Оның біріншісі — шөлге құдық қазу, екіншісі — өзенге көпір салу, ал үшіншісі — жерге ағаш егу. Қасиетті Рамазан айында осындай сауапты істі қолға алып, ауданымыздың гүлденуіне өз үлестерін қосып жатқан аудандық мәслихаттың депутаттары игі бастаманы бір-бірінен қабылдап алып, қаламыздағы саябақтарға ағаш отырғызып, өскелең ұрпаққа саялы бақтар мен жасыл желекті демалыс орындарын аманат етпекші. Ендеше, халық қалаулыларының игі бастамасына басқа да мекемелер мен кәсіпорындар қолдау көрсетіп, ауданымыздың көркеюіне өз үлестерін қосады деп сенеміз.
Перизат АУҒАНБАЙҚЫЗЫ,
«Талғар»