Сенбілік – тазалық пен тәртіпті түзейді

Сенбілік – тазалық пен тәртіпті түзейді

Көктем айы келіп, айнала ақ қар мен мұз құрсауынан босап, жасылға малынар тұста адамзат баласы табиғат анаға жанашырлық танытып, тазалық жұмыстарын бастап кетеді. Біздің ауданымыз­да да көктемгі тазалық жұмыстарын жүргізу мақсатында екі айлық сенбілік жарияланды. Аудан әкімі Қайдар Әбдіхановтың үстіміздегі жылдың 15 наурызындағы №03-127 қаулысына сәйкес наурыз айының 16-нан мамыр айының 16-сы аралығында аудан аумағында санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыс­тары басталып та кетті.

Табиғаты әсем, ауасы тұнық қасиетті Талғар ауданына қарасты Бесқайнар ауылдық округінің жұртшылығы да көктем келісімен тазалық жұмыстарына кірісіп кеткен болатын. «Тазалық — саулық негізі» деген аталы сөзді ардақтай білген ауыл жұртшылығы көктем келісімен тазалық жұмыстарын қолға алып, әр аптаның сенбісінде сенбілік ұйымдастыруда. Сенбілік — ауылдар мен қаламыздың сәулеті мен сәнін арттырып, тазалығы мен тәртібін түзейді.Сенбіліктің қоғамның назарын көшелердің, көпшілік орындардың тазалығын сақтауға аударып, экология­лық мәдениетті қалыптастыруда маңызы зор екенін білеміз.

Ауданымызда санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру айлығы басталғалы Бесқайнар ауылдық округінің әкімшілігі және округте орналасқан мекемелер өздеріне қарасты аумақты тазартып, күл-қоқыстарын шығарды. Сенбілікке ауыл тұрғындары да белсене атсалысып тұрғын үйлерінің айналасын тазалап, ағаштарын әктеп, арықтардың көзін ашты. Игілікті шараға ауылдағы №20 орта мектеп ұжымы, «Тау самалы» демалыс орнының ұжымы, орман шаруашылығының қызметкерлері қатысып, мекемелерінің аумағын тазартты. Ауыл әкімшілігінің қызметкерлері де апта сайын өздеріне тиісті аумақты қоқыстардан тазалап, апта сайын 1 тоннаға жуық қоқыс шығарылып отыр. Қоқыстарды «Ер Келменбет» ЖШС-і әр сенбі, жексенбі күндері жол жиегінен жинап әкетіп, аудандық полигонға тасымалдауда. Сенбілік жұмыстары барысында карантин талаптары қатаң сақталуда.

Сонымен қатар бесқайнарлықтар ағаш отырғызу жұмыстарын да қолға алды. Өткен жылы 200 ағаш отырғызылса, биылғы жылы 500 түп жемісті және жалпақ жапырақты ағаштарды отырғызу жоспарланған. Бұл ағаштар Бесқайнар ауылдық округіндегі Жастар саябағына және «Ғани-амал» мешітінің маңына, жол жиектеріне және басқа да демалыс орындары жанына отырғызылмақшы.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»