Төрт құбыламыз түгенделе берсін

Төрт құбыламыз  түгенделе берсін

1991 жылы 18 қарашада шетелдегі қандастарды елге көшіру туралы ҚазССР үкіметінің қаулысы қабылданды. Содан бері 30 жыл өтті. Өткеннен осы аралықтағы қазақ көшінің айтары мол екендігі даусыз. Атап айтар болсақ, осы уақыт ішінде елімізге 1 мил¬лионнан аса қандасымыз көшіп келген екен. Соның ішінде Талғар ауданына 2019 жылы 209 қандасымыз көшіп келсе, 2020 жылы бұл көрсеткіш біршама өсіп, 324-ке жеткен. Келушілердің басым көпшілігі көрші Қытай Халық Республикасынан. Бірақ бұған көңіл толады деп айту қиын. Себебі бір жылдан аса әлемді әбігерге салған пандемияның көші-қон мәселесіне де кесірі тигені бар. Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Алматы облыстық филиалының Талғар бөлімінің басшысы Ноғай Жақия осы жөнінде өз ойын былай сабақтайды:

– Жалпы қандастар мәселесін қазақ қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі деп айтуымызға толық хақымыз бар. Қазақстан – шеттегі қандастарын шақырып жатқан әлемдегі санаулы елдің бірі.
Алыс-жақыннан келген ағайындардың шығу тегін, тарихын, басынан өткерген қоғамдық оқиғалары мен қазіргі әлеуметтік жағдайларын зерделеу арқылы отандастарымыздың елге, жерге тез бейімделуде, тұтас мемлекеттің саяси тұрақтылығын одан әрмен нығайта түсуде Дүниежүзі қазақтар қауымдастығына бағынатын біздің бөлімшенің де атқарған қызметі орасан. Елге оралған ағайындар қоғамның әр саласында белсенді еңбек етіп жүр. Жалпы оралман мәселесін тізер болсақ, басты мәселелер деп құжат рәсімдеу, өңірлерге орналастыру және ортаға бейімдеу, баспана және жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау мен емделу, әлеуметтік жеңілдетілген көмектерді айтуға болады. Бүгінде мұның бәрі бірізділікке түсті деп айта аламын.

Отанға оралған қандастарымыздың уақыт өте келе тірлігі түзеліп, ошағы оңалып жатқаны өтірік емес. Солардың бірі Жалғамыс ауылының тұрғыны Байтөре Әбдірахман. 2009 жылы ҚХР-нан елге оралып, 2012 жылы Талғар ауданына тіркеуге тұрып, Жалғамыс ауылына қоныс тепкен ағамыз биылғы жылдан бастап тұрақты жұмысқа тұрып, қуанышына қуаныш қосылып жатыр. Оған Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Алматы облыстық филиалының Талғар бөлімі себеп болған.

– Алғашында жеке шаруалармен айналысып, күн көрдік. Бірақ тұрақты жұмыс керек екендігін айтып Ноғай ағамызға құлаққағыс жасап едік, ол кісі бір сөзге келмей шаруамызды реттеп берді. Аудандық «Су құбыры» мекемесінің басшысы машинистің орны бос екенін ескеріп, жұмысқа алды. 2021 жылдың қаңтар айынан бастап тұрақты жұмысқа кіріп, нәпақамды тауып жатқан жайым бар, – дейді Байтөре аға бізбен әңгімесінде.

Иә, қазақта «Орнында бар оңалар» деген сөз бар. Тек егемен еліміз аман болып, ауызбіршілігіміз бұзылмаса, мәселенің бәрі оңалатынына сенім мол.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»