Елмен бірге есейген

Елмен бірге есейген
«Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый». Ол даусыз. Тәуелсіздікті алғалы ширек ғасырдан өтсе де, жеткен жетістігіміз тау төбе. Жетеріміз одан да көп. Осынау ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда ұлттық болмысымызды сақтап қалу басты назарда. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деп аталатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласында егемендігіміз бен елдігіміздің тірегі болатын басты бағыттарға тоқталып, іргеміздің берік болуы үшін қажет шараларды да айқындап берді. «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген Президент жастарды қолдауға басымдық беретінін айтқан болатын.
Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін қағида деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ, Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.
Осыдан 30 жыл бұрын тәуелсіздікті іңгәлаған дауысымен қарсы алып, еліміздің азаттығының таңы арайлап атқанда дүние есігін ашқандардың бірі -Алматы облысы, Кеген ауданы, Жылысай ауылының тумасы, бүгінде Талғар аудандық, Панфилов ауылдық округінде бас маман болып қызмет істейтін Жағыпбердиева Ақсүйген Тұрақалдықызы. Мектеп қабырғасында жүргеннен білімге құмар болып өскен қыз 2007 жылы «Хабар» телеарнасының интеллектуалды жобасы «XXI ғасыр көшбасшысы» ойынына қатысып жартылай финал, финал ойындарында өз бағын сынаған. 2008 жылы Павлодар облысында «VII Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми жобасына қатысып, жүлделі 1-ші орынды иеленіп, ғылыми еңбегі арнайы жинаққа енді. Мектепті үздік бітіріп, Евразия технологиялық университетінің «экономика және бизнес» факультетінің Туризм мамандығына оқуға түсіп, қызыл дипломмен тәмәмдады. «Керама Мараций» ЖШС-де сату бөлімінің менеджері болып еңбек жолын бастаған Ақсүйген осы күнде мемлекеттік қызметте өз жұмысын атқаруда. Бала күнінен поэзияға сусындап, көркемсөз оқуға бейімделіп, республикалық, облыстық Абай оқулары мен Мұқағали оқуларына қатысып жүлделі орындарды иеленген. 2018-2019 жылдары аудандық «Тілдерді дамыту және мәдениет» бөлімінің ұйымдастыруымен өткен «Тіл шебері-2018», «Тіл шебері-2019» мемлекеттік қызметшілер арасында өткен байқауда жүлделі 2-ші орыннан көрінген. Қызмет бабында 2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен дебат турниріне Талғар ауданының атынан екі мәрте қатысып біліктілігі мен шешендік өнер қабілетін көрсеткені үшін Департамент басшысының, сондай-ақ қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқарғаны үшін 2020 жылы аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталған. Бүгінгі күнде білікті маман, аяулы ана атанып отырған Ақсүйген Тәуелсіздіктің құрдасы болғанын мақтан етеді.
«Тәуелсіздіктің құрдасы болу да бір бақыт. Отанымыз­дың даңқын асыру — біздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің ақ таңында туып өскен біздер үшін бұл үлкен қуаныш, ұлы мереке. «Өзіңді құрметте, өзгелерді құрметте және өзің жасаған әр іс-әрекетіңе жауап бере біл» деген қағиданы берік ұстанып, елімнің өркендеуіне өз үлесімді қосамын» — дейді өжет қыз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»