«Жастық армандамаса, адам өмірі бір нүктеде қатып қалар еді, міне, содан да жастық қиялының жарқ-жұрқ еткен қабығы ішінде ұлы-ұлы мұраттардың дәні көзден таса құпия, өсіп-өніп шыққан ғой»,-деп педагог К.Д.Ушинский айтқандай, адамның жастық шағында алға армандай қарап, бір өнердің жалынан ұстағаны қандай ғанибет. Өйткені жастық шақ – барлық әдемілік пен асқарлы мұраттарға бір табан жақын тұратындығымен ерекшеленеді емес пе?
Талдыбұлақ ауылындағы №35 орта мектепте оқып жүрген кезінде ұзын бойлы, сәмбі талдай майысқан бойшаң денесінде бір шөкім артық еті жоқ, сіңірлі аяқ-қолдарының бұлшық еттері көзге ұрып тұратын жасөспірім қыз – Әсемай Сабанбаеваны волейбол спортының бапкері Тимур Тулеев өзі шақырды. Сөйтсе, жас маман волейбол өнеріне жаттықтыру үшін мектептің әр сыныбынан талапты қыздарды жинап жүр екен. Тимур Тулеев өте ізденгіш, еңбекқор жаттықтырушы еді. Жетісіне үш рет жаттығу жасатып, волейбол спортының әдіс-айлалары мен ойын кезінде шабуыл жасау, тосқауылға шығу, командалас құрбыларының әр-қимыл қозғалысын сезіне білу сияқты тактикалық және психологиялық астарын түсіндіре білді. Соның нәтижесі болар, 2014 жылы ауданда өткен жарыста №35 орта мектептің намысын қорғаған: Әсемай Сабанбаева, Айсұлу Мұхтарқызы, Лаура Қабылбекова, Назерке Исахын, Алуа Илесбекқызы, Виктория Кривомазовалар «чемпион» атанып, мектеп намысын асқақтатты. Жылдар өте жаттықтырушы Тимур Тулеевтің шәкірттері Есік, Қаскелең, Ұзынағаш, Текелі, Қапшағай қалаларында өткен облыс чемпионаттарына қатысып, Талғар жерінен өте азулы команда өсіп келе жатқанын сан мәрте дәлелдеді. Ал, шабуыл шебінде өте шебер ойнайтын, биік тор үстіне көтерілген ала допты қарсыластар алаңына жебеше қадайтын Әсемай Сабанбаева Алматы облысының волейбол федерациясы мамандарының көзіне ілініп, оны 2017 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы Олимпиадалық ойындарға ізбасарлар дайындайтын спорт мектебіне жіберді. Шабуыл шебінде жойқын соққысы бар Әсемай 2018 жылы сол жердің жергілікті командасының сапында өнер көрсетіп, республика чемпионы атанды. Жыл өткен сайын тәжірибесі толысқан Әсемай Талдықорған қаласындағы «Жетісу» командасының жасөспірімдер сапында ойнап, республика біріншілігінде күміс жүлде алғаны өз алдына бір бөлек әңгіме. Әсемай 2019 жылдан бері жағажай волейболымен айналысады. Қасындағы командалас құрбысы Айсұлу Мұхтарқызы екеуі Ақтау, Өскемен, Қапшағай қалаларындағы жағажай волейболынан өткен республикалық жарыста үнемі жүлде алып жүр. Қазір Әсемай Сабанбаева әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дене тәрбиесі және спорт бөлімінің І-курсында оқиды. Ол 2020 жылы Тайландтың Пхукет қаласында өтуі тиіс Азия чемпионатының жиынына барып қайтты. Бірақ, әлемді жайлаған пандемия дертінен кейінге шегерілген жарыс Әсемайдың өз мүмкіншілігін көрсетуге мүмкіндік бермеді. «Әдемілік — азат жанның және мықты денсаулықтың жемісі» – деп ой зергері Шеффер айтқандай, волейболдан Қазақстанның спорт шебері, бойы 182 см. келетін, ауыр соққыларымен волейбол алаңы үстінде найзағай ойнатып, дауыл соқтыратын жылдам қимылды шабуылшы Әсемай Сабанбаеваны біз әлі талай-талай биіктерден көретін боламыз.