Бабалар аманатына қиянат болмасын!

Бабалар  аманатына  қиянат болмасын!

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының ішінде «Өзгерістерді өзіңнен баста» деп аталатын кіші бағдарлама бар. Осы бағдарламаны іске асыру үшін жергілікті әкімдіктің әдеп жөніндегі уәкілі әр жылға арналған жұмыс жоспарын бекітіп, сол жоспар аясында тиянақты нәтиже көрсетіп келеді. Биыл да сол үрдіс шет қалмай, жоспар аясындағы шаралар легі басталып кетті. Және бір айта кетерлігі, жоспар аясында қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын жаңғырту мақсаты да көзделген.

Аудандық кітапхана жанынан ашылған «Парасат жолы» орталығында өткен бас­қосудың негізгі өзегі ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Желтоқсан оқиғасының 35 жылдығына бағытталғанымен басты тақырып мемлекеттік қызметшілердің өзін-өзі ұстауы төңірегінде болды. Сон­дық­тан да шараға жас мамандар көптеп қатысты. Басқосуға желтоқсаншы, қоғам қайраткері, композитор Хасен Қожахметов пен ақын Болат Шарахымбай арнайы шақырылды. Кездесуді жүргізіп, мақсатымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары – Әдеп жөніндегі уәкіл Ахмет Әшімахұн келген қонақтардың қоғамдағы айшықты рөлдеріне тоқталды. Қазақ руханияты жолында тер төгіп жүрген абзал ағалардың өмір тәжірибесі жастар үшін үлкен мектеп екенін ескергендіктен осы шараның ұйымдастырылғанынан хабардар етті. Бірден алғашқы сөзді алған Хасен Кәріпжанұлы жастарға ұлтжандылық, патриоттық ұғым жайлы сөз бастамас бұрын ұлты үшін өзі қандай еңбек сіңірге­нін ұғындыратын кітаптарымен таныс­тырып кетті. «Тарихпен көп шұғылдандым. Тарихтан асқан ұлы ұстаз жоқ. Мен де сол кәрі ұстазға арқа сүйедім. Өкініштісі сол – ұлттың рухани игілігі қазақ иістінің бәріне керек болып тұрған жоқ. Сүрініп жатқанымыз да сол кемшіліктен»,- деп толғана сөз бастап қазақ руханиятынан хабардар болған азаматтың санасы айқын болатынын аңғартты. Ал санасы жарық адамнан жаман қызметкер шықпайтыны әфсанадан белгілі. Биліктегі көп адамдар­дың бармақ басты, көз қысты әрекеттері бұқараның билікке деген сенімін сейілтіп жатқандығын да ашына атап өтті. Халық пен билік арасындағы байланысты орнықтыру – мемлекеттік қызметшінің қолында екен­дігін, ол қандай болса халықтың көзқарасы да соған қарай ауатынын, олардың қоғам алдындағы ашықтығы мен адалдығы аса маңызды екендігін жете түсіндірді.

Ақын, журналист Болат Шарахымбай болса сөзін барлық тәрбие бесіктен бастау алатындығын, бүгінде тіршілік қамытын мойнына іліп алған ата-аналардың бала­ларына уақыты жоқтығынан бас­тады. «Мен кейде ойлаймын, біз бабалар аманатына қиянат жасап, ұятқа белшемізден батып жүрміз. Қазақ жері үшін жанын қиған батырлар бізге намысын аманаттады ғой. Ал біз сол намысты әлдекімдердің аяғының астына салып қойып жүрген жоқпыз ба? Ұл-қыздарымыздың шүлдірлеп, ана тіліне немкеттілікпен қарауы сол намысымыздың өшіп бара жатқандығы шығар деген ой келсе, жаным ауырады»,- деп болашақтың иесі – жастарды жігерлі, намысшыл, ұлт­жанды болуға шақырды. Ол үшін кітап оқудың пайдасы зор екендігін жеткізіп, рухты оятатын өлеңдерін оқып берді.

Сондай-ақ шараға қатысқан аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Фарида Бегенбаева, ақын Камнұр Тәлімұлы пікірлерімен бөлісіп, тәу етер тәуелсіздіктің қадірін білу басты парызы­мыз екендігін еске салды.

Меруерт Бөлек,
«Талғар»