Өзекті мәселелерге назар аударды

Өзекті мәселелерге назар аударды

Жуырда ауданымызға облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззәт Тұрлашев арнайы іссапармен келген болатын. «Алматы-Талғар» күре жолы мен Құлжа күре жолы бойындағы заңсыз құрылыстарды тексеріп, жабайы сауда орындарын реттеп, жол бойындағы қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қадағалау мақсатында ауданымызға атбасын бұрған облыс басшылығын аудан әкімі Қайдар Әбдіханов өзі бастап жүрді.

Тексеру жұмыстарына ауданымыздағы осы салаға қатысты бөлім басшылары да шақырылды. Ләззәт Махатұлы тексеру жұмыстарын Бесағаш ауылдық округінен бастады. Бухтарминск көшесі бойына қаздай тізілген мейрамханалардың құжаттарын тексеріп, құрылыстың заңға сәйкестігіне назар салды. Әрі қарай Гүлдала мен Панфилов ауылдық округтері орын тепкен Құлжа күре жолы бойымен, одан кейін ауданымызға қарасты Кеңдала, Алатау, Белбұлақ, Тұздыбастау ауылдық округтерін кесіп өтетін күре жолдың бойындағы құрылыс нысандары мен заңсыз салынған сауда нысан­дарының құжат­та­рына зер салып, жол бойын­дағы қызмет көрсету орталықтарының жұмысын қадағалап, жолды жағалай қойылған жарнама тақтайшаларына назар аударып, ауылдардың санитарлық тазалығын да тексеріп өтті. Жол жөнекей көзге түскен олқылықтар мен кемшіліктерді түзету үшін жауапты мекеме басшыларына нұсқау беріп, тапсырмалардың орындалуын өзі назарға алды. Тексеру жұмыстары барысында ауданымыздың басшысы Қайдар Әлиханұлы облыс басшылығына бірқатар ұсыныс-тілектерін жеткізіп, оңтайлы шешуге ықпалдасуын сұрады. Атап айтқанда, Үлкен Алматы каналының жолы мен Бәйтерек ауылының қиылысқан жеріне және Талғар қаласындағы төменгі көпір мен Ломоносов көшесінің қиылысқан жеріне бағдаршам орнату, Кеңдала ауылындағы Алматинская көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің кәріз жүйесін ретке келтіріп, Ло­моносов кө­шесімен Талғар өзені бойына қор­ғаныс қор­шауын орнату мә­селелерін алға тартты. Ләз­зәт Махатұлы бар­лық көтерілген мәселелерді назарға алып, оңтайлы шешуге күш салатынын айтты. Тексеру барысында сынға ілінген округ әкімдеріне ескерту жасалып, алдағы күндерде олқылықтардың орны толтырылатын болды.

“Талғар-ақпарат”