Екпе егу — індетті еңсеру

Екпе егу — індетті еңсеру

Естеріңізге салар болсақ, Талғар ауданы бойынша коронавирусқа қарсы екпе салдырудың бірінші кезеңінің алғашқы компоненті 3-наурыздан басталған болатын. Қазіргі уақытта екпе егу жұмыстары жалғасуда. Медицина қызметкерлері мен мұғалімдер, ішкі істер қызметкерлерінің арасында екпе алғандар қалыпты жағдайда, дәрігерлердің жіті бақылауында екендігінен аудандық орталық аурухананың эпидемолог дәрігері Жансұлу Жұмаділова ақпараттандырды.

— Осы уақытта Талғар ауданы бойынша «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС шығарған вакцинасы I компонент бойынша — 388 адамға егілді. Оның ішінде 327 медициналық қызметкерлер, 61 мұғалім. Екпеден кейінгі кезеңдегі медициналық бақылау алғашқы 30 минут ішінде және келесі 3 күн ішінде жүргізіледі, ауданда иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністер тіркелмеген, — дейді жауапты маман.

Айта кетейік, коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші легінің екінші компоненті 21 күннен соң қайта егіледі. Бірінші доза анти­денелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін берсе, екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Талғар ауданында коронавирустық инфекцияға қарсы екпе егу аудандық орталық аурухананың ересектер емханасы мен Гүлдала ересектер амбулаториясында орналасқан екі пункте жүзеге асырылады. Әр екпе егу орталығында жеке дәрігерге арналған бөлме, 2 екпе егу бөлмесі және екпе егілгеннен соң жарты сағат дәрігер бақылауында жататын күту бөлмелері бар.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының Сараптама комиссиясы “Гам-КОВИД-Вак” вакцинасы қауіпсіз, сапасы мен тиімділігі жоғары деген қорытынды шығарды. Яғни, Қазақстан ресейлік “Спутник V” вакцинасын тіркеген 27-ші ел”, — деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

«Спутник-V» екпесі «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС арқылы тіркеліп, еліміздің әр аймағына таратылуда. Атауы әртүрлі болғанымен негізгі түпнұсқасы Ресей елінің өнімі екенін естеріңізге саламыз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»