Ізгі ниет – қоғамға қызмет

Ізгі ниет –  қоғамға қызмет
Қоғамдық келісім кеңесінің қызметі мен жасап жатқан жұмысы бір-біріне ұқсамайды.Ассамблеяның негізгі қызметін атқарып отырған қоғамдық келісім кеңестері бүгінде қоғамымыздағы келелі істерді шешуде маңызды үлес қосып келеді. Ассамблея жанынан құрылып ақсақалдар, әкелер, аналар, әйелдер, жастар кеңестері басын қосып, жұмыла жұмыс істеуді қамтамасыз етуде. Кеңес қызметі қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарды, мемлекеттік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті құру мен күшейту үрдісіне тартуға, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешуге атсалысуға, қайырымдылықты, бітімгершілікті-медиацияны, делдалдықты және қоғамдық басқару жүйесін дамытуға бағытталған. Осынау кеңестердің барлығы «Қоғамдық келісім кеңесі» деген атаумен қоғамдағы кез келген салада қордаланған мәселені шешуге бағытталған. Атаулы шаралардың барлығы бүгінде азаматтық қоғамның дамуына ықпал етіп, халықтың пікірі мен ұсыныстары Кеңестер арқылы айтылып, шешімін табуда.
Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері де қоғамда беделі бар, айтары нақты, сөзі өтімді тұлғалардан сайланып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірге етене қызмет етеді. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Қоғамдық келісім кеңестерімен санасатынын да байқап отырмыз. Демек, бұл Кеңестер­дің айтары барын, халық атынан сөй­леу­де, салмақты ой айтуда орны барын, беделінің артып келе жатқанын аңғар­тады.
Талғар ауданының Қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Жұмағыз Бұтабаева да қоғамда өз беделі бар, ел игілігі үшін еңбегі сіңген, өзіндік абыройы бар жан. Әлемді жайлаған індет біздің ауданды да айналып өтпегені көпке мә­лім. Осындай қиын-қыстау кезде атқарған қайырымдылық шараларын ерекше атап өтуге болады. Жалғыз бас­ты аналарға, ардагерлерге және көпбалалы отбасыларына үнемі азық-түлік себеттерін апарып, шағын дүкендердің сатушыларына бетперделер және әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларға сырт киімдер тара­тып, жалғыз басты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мүмкіндігінше қайырымдылық көмек ұйымдастырып, насихаттау жұмыстарын жүргізді.
— Биылғы пандемияның салдары­нан аудан, облыс көлемінде өтетін форум­дар мен кең ауқымды іс-шараларды өткізу тоқтатылды. Дегенмен, өт­кен жыл «Еріктілер жылы» деп жария­лан­ған­дық­тан қайырымдылық марафондарына көбірек күш салдық, өйткені көп отбасы табыс көздерінен айырылды, тұрмыстық жағдайлары төмендеді, — дейді жомарт жүректі жан.
Өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарай­тын, жүрегі мейірімге толы, қиын­­дықта көмек қолын соза білетін Жұмағыз Әшімбекқызының пандемия кезін­де халық қамы үшін жасаған еңбек­тері еленіп, жақында облыс әкімі Аман­дық Баталовтың «Алғыс хатымен» мара­патталды.
Айта кететін тағы бір жайт, Жұмағыз апайымыз облыстық келісім кеңесінің еріктілер жылына арнайы ұйымдастырған байқауына облыстың ұсынуымен бағын сынап, ерен еңбегімен көрінді. Жақсылық жасауда жастармен жарыса жүріп белсене ат салысса, ол кісінің мейірімді жүрегінің кеңдігі деп білеміз. Сондай-ақ алғыс хатпен марапатталып, еріктілердің қаже­тіне арналған құралдар жиынтығы сыйға тар­тылған.
Жұмағыз Бұтабаеваның айтуынша биылғы жылы індеттің беті қайтып, мамыражай күнімізге оралатын болсақ, Тәуел­сіздігіміздің 30 жылдығына орай атқа­ры­латын шаруалар көп. Ата-баба­мыз­дың қанымен, ерлігімен келген тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін, маңыздылығын өскелең ұрпаққа наси­хаттау мақсатында бірқатар жобаларды жасау жоспарда,- дейді. Ендеше ерек­ше қайсарлығымен байсалдығы үйлесім тапқан нәзік жанды жомарт жүректің иесінің еңбегіне жеміс тілеп, жақ­сы­лығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»