Қайырымды жандар қоғамның тірегі

Қайырымды жандар қоғамның тірегі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасын ұйымдастыру жүзеге асырылып, бүгін де қарқын алып келеді. Аталмыш жобаның негізгі мақсаты –қоғамда қайырымдылық жасауға ынталандыру, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, волонтерлікті дамыту сынды мәселелерді көтеру көзделген.
Хакім Абайдың он төртінші қара сөзінде: «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді» делінген. Сол айтпақшы, қиналғанға көмек көрсету, сүрінгенді сүйеу, жығылғанға демеу бола білу – имандылықтың, парасаттылықтың, адамгершіліктің айқын көрінісі.
Әлемді жайлаған қатерлі індет — коронавирус инфекциясы кезінде қолында барымен бөлісіп, мұқтаж жандарға қолұшын созған кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен ұжымдар, тіпті жекелеген азаматтар да күш біріктіріп, қайырымдылық танытудан сырт қалған жоқ. Сондай кең жүректі, қолы ашық азаматтардың қатарында «Ұлағатты ұрпақ» қоғамдық ұйымының жігіттері де бар. Аталмыш ұйымның жетекшісі Жәнібек Әлікеннің мұрындық болуымен тамыз айында бес ауданға, атап айтсақ Талғар, Райымбек, Кеген, Ұйғыр және Еңбекшіқазақ аудандарының орталық ауруханаларына дәрі-дәрмек, өкпені жасанды желдету (ИВЛ) аппараттары жеткізіліп берілді. Бір Талғардың өзіне он шақты ӨЖЖ аппараты тегін берілген-ді. Дәл сол кезде дәрі-дәрмек пен өкпені оттегімен демалдыратын арнайы аппараттардың тапшылығын халық қатты сезінген еді. Осындай жомарт жандардың көмегінің арқасында өмір мен өлім арасында жатқан қаншама адамды қатерлі сырқаттан арашалап алуға мүмкіндік туды. Иә, қайырымдылық жасау үшін бай-бағлан болу міндетті емес, ең бастысы жүректегі мейірім мен адал ниеттің болуы маңызды. Айта кету керек, Жәнібек Әлікен жетекшілік ететін «Ұлағатты ұрпақ» ҮЕҰ-ның ел игілігі үшін атқарып келе жатқан істері бір бұл емес. Тіпті жасаған жақсылықтарын айтуды ар санайды. Біз үшін адам баласының басына түскен қандай қиындық болсын жеңе білуге осындай қайырымды жандардың ықпалы зор екенін көрсету маңызды. Өйткені қоғамның алға басуы қайырымдылық пен ізгі амалдарға негізделетіні анық.
Райхан Азимова,
«Талғар»