Әйел — барлық көркемділік үлгісі

Әйел — барлық көркемділік үлгісі
Көңіл шуағына мейірім төгілген аяу­лы жанның өмірден алар несібе жемісі — ал­тын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алма­ғайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күн­ге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өр­нек­теп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ана — болашақтың де­меушісі, ұлттың жебеушісі, сәбилердің бақы­ты. Ана – барлық қиындықты жеңетін сар­қыл­майтын күш, тіршіліктің қайнар бұлағы.
Қазіргі заманда әйелдер қауымы қоғам мен мемлекет ісіне келгенде ер азаматтардан кем белсенділік танытып отырған жоқ. Яғни әйел азаматтар тек отбасы төңірегінда ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметте, бизнесте, денсаулық сақтау мен білім-ағарту жүйесінде жемісті жұмыс істеп жатыр. Сонау қиын-қыстау жылдарында елдің еңсесін көтеруге атсалысудан бастап, бүгінгідей әлемге танылып, бәсекеге барынша қабілетті мемлекет болуға ұмтылып отырған заманда да әйелдер қауымының қосқан үлесі шексіз. Олардың соңғы уақытта қоғамдық жұмысқа етене араласуы байқалып, саяси қызметтерде өсуі бекіді, мемлекеттік қызметтерде де нәзік жандылардың салмағы айтарлықтай артып келеді.
Бүгінде Мемлекет ісінде ұзақ жылдар жауапты қызметтер атқарып, өзінің білікті басшылығымен ерекшеленіп қана қоймай, ауданымыздың жетістіктеріне айтарлықтай үлесін қосып келген Жамашева Майра Бекенқызы туралы сөз қозғамақпыз.
Ол 1962 жылы 9 мамырда Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге кел­ген. Еңбек жолын Талғар аудандық ауруха­насында мейірбике болып бастап, Бесағаш ауылдық округінің АХАЖ бөлімінің меңгеру­шісі, округ аппаратының хатшысы, бас мама­ны, осы уақытта округ әкімінің орынбасары бол­ып 27 жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келеді.
Қарапайым отбасынан шыққан Майра Бекенқызының еңбекқорлық қасиеті ананың сүтімен, әкенің қанымен дарыса керек. Әкесі 40 жылдан аса трактор айдап, еңбек ері атанған батагөй азамат болса, анасы да қоғамдық жұмыстарға етене араласып, есепші қызметін қатар алып жүрген еңбекқор ана.
Майра Бекенқызы өз мамандығына ерекше ықыласпен қарайтын іскер жан. Жұмыс барысында халықпен тығыз байланыс орнатып, әлеуметтік осал топтарға қолдан келген көмектерін аянып қалған емес. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы жолындағы кейіпкеріміздің еңбегі ұшан теңіз. Өзіне жүктелген жауапкершілік жүгінің ауыр екенін сезіне білетін Майра Жамашеваның ұзақ жылдардағы еңбектері еленіп, 2005 жылы 25 тамызда «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, 2021 жылы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Алғыс хатымен», 2018 жылы облыс әкімі А.Баталовтың «Алғыс хатымен» марапатталды.
Жолдасы Талғатбек Мейірбеков екеуі өмірге 3 бала әкеліп, одан тоғыз немере сүйіп отырған үлгілі отбасы. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, тәлім-тәрбие берген ата-ананың балалары осы күнде жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр.
Аяулы ана, іскер жан, ұлағатты ене, бір отбасының ұйытқысы болып отырған Майра Бекен­қызы бүгінде зейнет жасына да жетті. Халыққа қызмет көрсетудің ең қажетті де өзекті саласын дамыту мен жетілдіру ісінде көп жылдар бойы аянбай еңбек етіп келген жанның байыптылығы мен іскерлігі оның ел алдындағы беделін өсірді. Мемлекеттік қызметтегі нәзік жанды көк­тем мерекесімен құттықтай отырып, ел мен қоғам алдын­дағы абы­ройының арта беруіне тілектеспіз.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»