Өзiне тән биiгiмен топ жарды
Әдебиет айдынына желкенін жайған ақындардың жаныңды жайсаң самалға толтырып әкететін жырларын оқығанда жүрегі қалаған дүниені ғана жырлайтын өнерпаздық мұратына еріксіз бас шайқайсың. Өйткені оларды өз тұрғыластарынан өзгеше етіп тұратын негізгі қасиеті – поэзиясының қарапайымдылығы, әрі өлеңнің қасиетін, құдіретін түйсінген адалдық биігі.
ХХ ғасыр мен ХХІ ғасырдың тоқайласар тұсындағы талғампаз оқырманның жүрегіне жол тапқан сондай санаулы ақындардың бірі – Мақсат Ережеп. Бүгінде шығармашылық дүниетанымы қалыптасқан, қолтаңбасы айқындалған ақынның өлең-өміріне енгенде даланың мұңы мен уақыттың сырына бойлап кете барады екенсің. Кегеннің қасиетті топырағында дүниеге келген жанның жаны өлеңге ғашық болмауы әсте мүмкін емес еді. Ақын өлеңдеріндегі көркем сөзбен кестеленген сыршыл сезімге толы талғампаздық сол топырақтан жұққаны аян. Әрі Мұқағали туған жерде туғандардың ақын болмауға қақысы жоқ секілді болып көрінетіні тағы бар. Мұқағали жырындағы майда қоңыр саз бен жұмсақ жыр Мақсаттың да жүрегіне ұя салып үлгереді…
Сонау бала кезінен, 8 жасынан-ақ ақындық талабын байқатқан бала Мақсаттың алғашқы өлеңі көктем мезгіліне арналыпты. Міне, содан бері неше көктем өтіп, данадай өлең жазса да, баладай өлең жазса да ақындық қуатын жаңа кезеңдерге көтеріп келеді. Үстемелетіп емес, үкілеп, сезімнің ұясы – жүрегінің үніне құлақ түріп жазып келеді. Қазақ әдебиетіндегі асқар таудай ағаларының Мақсат Ережептің шығармашылығы турасында оң баға беруі – соның дәлелі болса керек. Өлеңінің бір парасы күрескерлік рухты желдіртіп, желпінтіп, жігерлендіріп жаныса, келесі топтамасы жаныңды нұрландыратын жылы лебімен, сыршыл сөздерімен баурап ала қояды. Құйылған сөздері мен құбылған тіркестері дала әуеніне үн қосып, байыта түседі.
Осындай сыршыл иіріммен, жылы мейіріммен, қаламгерлік шеберлікпен жазылған жаңа жыры облыстық байқауда жүлдегер атандырды. Поэзия пырағы М.Мақатаевтың 90 жылдығына арналған «Тас жүректі тіліммен тілімдедім» атты облыстық байқауда Мақсат ақынның «Мұзбалақ» атты өлеңі топ жарып, поэзия жанры бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен байқау «Қазақтың қара өлеңі — құдіретім» (арнау өлең) мен «Мұқағали шығармашылығындағы ұлттық таным» (зерттеу мақаласы) атты екі бағытта өтті. Байқауға облыс бойынша 470 өтініш келіп түскен. Оның 360-ы іріктеуден өтіп, ақтық сында бақ сынаған. Нәтижесінде ауданымыздың намысын қорғаған Мақсат Ережептің өлеңі бас бәйгемен оралды. Қазақтың ұлттық намыс туының асқақ болуын аңсап, қара өлеңінің даңқын асыруға аянбай тер төккен М.Мақатаевтың ел мүддесін көксеген азаматтық ерлігі әспеттеліп, даналығы дараланып көрінген туындының топ жармауы мүмкін де емес еді.
Одан өзге «Ақ жол» партиясы ұйымдастырған А.Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Қазақ республикасының 100 жылдығына арналған «Абай арманы – тәуелсіз қазақ елі» атты халықаралық мүшәйрада да «Р.Мәрсеков атындағы арнаулы сыйлық» иегері атанып, «Alash» төсбелгісін жарқырата тақты. Жыл басын лайықты жүлделермен бастап жатқан «ұлы дала дипломын» арқалаған Мақсат ақынның өмір жайлы жырларының жалғаса беруіне тілекшіміз.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»
МҰЗБАЛАҚ!
Қасиеттi Қарасаздың ұланы!
Хантәңiрдей асу бермей тұр, әлі!
Мұқағали жаңғырады жылдармен,
Соқыр көрiп,
керең естiп жүр, әнi…
Мұзарт таудың мұзбалағы емес пе,
Поэзияның,
Прәдәрi,
Пырағы?!
Тағдыр талай,
тезiне сап, сынаған.
Аласармай ақиығым шыдаған.
Сенiң жолың қандай ауыр,
О, Муза?..
Шыңға шығып,
құздан төмен құлаған!
Жұмыртқасын шайқағанда қыран құс,
Сездi мекен,
туылғанын, Ұлы адам?..
Шың-құздарым,
қалай тұрдың құламай?
Көк мұздықтар,
көштiң бiлем, шыдамай.
Сол тас түлек қанаттанып ұшқанда,
Хантәңiрi көкке атылған сынадай!
Құс-жүрекке сыйып кетiп,
жұмыр жер,
Сыр боп жатты,
Жыр боп ақты, тұмадай!
Ұлы Ақынның,
қайталанбас қыры бұл,
Әр жүрекке
құйып кеттi, жыры нұр.
Бабамыздың өсиеттi cырымен,
Анамыздың қасиеттi тiлi жүр.
Ей, болашақ, байқаймысың көзi ашық,
Мұқағали арамызда тiрi жүр!!!
Мақсат ЕРЕЖЕП