Құрмет пен сенім мерекесі

Құрмет пен сенім мерекесі
Көктемнің алғашқы күнінде – тіршілік атаулы жанданып, жер-дүние жаңаратын кезеңде еліміз достық пен бірлігіміздің, мәдени сан алуандығымыздың жарқын дәлелі болатын Алғыс айту күнін атап өтті.

Биыл талғарлықтар карантин шараларын ескеріп, Алғыс айту күнін мерекелеуге аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залына шағын ғана адаммен жиналды. Аудан әкімі Қайдар Әбдіханов бастап, аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков, аудан әкімінің орынбасарлары мен бірқатар бөлім, мекеме басшылары, қала, ауыл әкімдері, этномәдени орталығының өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері шақырылды. Жиылған көпшілік алдында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы алып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Бұл мерекенің тағдыр жазуымен қазақ жеріне табан тіреген түрлі ұлыс өкілдерін бауырына басқан қазақ еліне тек ризашылық күні ғана емес, жас ұрпақ үшін тарих туралы сыр шертетін тағылымға толы мереке екенін тілге тиек етті. Бүгінде елімізде 130-дан астам түрлі этнос өкілдері ырысты ынтымағымыз бен табысты тұтастығымызды әлем­ге паш етіп, мемлекетіміздің өркен­де­уіне өзіндік үлестерін қосып отыр­са, соның ішінде 30-дан аса ұлт өкіл­де­рін біріктірген ауданымыздың да болашаққа нық сеніммен қадам ба­сып келе жатқанын мақтанышпен айтты. Мерекеге орай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов пен Славян этномәдени орталығының мүшесі Надежда Литвинованы аудан әкімінің «Құрмет грамотасымен» марапаттаса, «Ақжол-М» қоғамдық қорының директорының орынбасары Асет Смаилов пен жеке кәсіпкер Айнұр Тұранға «Алғыс хатын» та­быс етті. Көпұлтты халқымыздың ынтымағын арттыратын мерекеге орай ізгі ниеттерін білдірген Белорусь этномәдени орталығының жетекшісі Жанна Третьяк пен Қарабұлақ ауылындағы №22 орта мектептің ұстазы Валентина Воробьева да ақ­жарма тілектерін ақтарды. Игі ша­рада ауданымыздың мәдениет саласының өнерпаздары ел бірлігін, татулық пен достықты паш ететін әсем әндерін тарту етіп, жас бишілер толқынды биімен кеш шырайын келтірді.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»