Өрттен аман қалған отбасы үйлі болды

Өрттен аман қалған отбасы үйлі болды

Өрт – тілсіз жау. Оны алдын-ала болжап білу мүмкін емес. Соңғы кездері жаңалықтардан үй өртеніп, сәбилердің көз жұмғандары туралы хабарларды көп еститін болғанымыз рас. Қыршынан қиылған сәбилердің өміріне қабырғамыз қайысса, қан жылаған ата-аналардың жай-күйіне алаңдап та жүрегіміз сыздағаны бар. Айтып келмейтін апат талғарлық бір отбасын да баспанасыз қалдырды. Адамдардың аман қалғанына шүкіршілік еттік.

Ақпан айының 25-і күні түнде Талдыбұлақ ауылының жаңақұрылысындағы үйлердің бірінде өрт шығып, тұрғын үй түгелімен жанып кеткен. Шатырдан басталған өртті үй иесі Әйгерім Талқанбаева байқап қалған. Бірден балаларын далаға шығарып, өрт сөндіру қызметін шақырған. Өртті сөндіруге аудандық төтенше жағдайлар бөлімінен екі техника мен жеті маман жұмылдырылған. Десе де, тілсіз жауды ауыздықтай алмаған. Үй түгелімен жанып кеткен. Үй иелеріне ауылдық округ әкімдігі мен аудан әкімдігі көмек көрсетіп, уақытша паналайтын пәтер жалдап берген. Бұл оқиғадан хабардар болған облыс әкімі Амандық Баталов аталмыш отбасына үй алып беру үшін демеушілерден көмек сұраған. Қайырымды азаматтар қай қоғамда болса табылатыны рас. Бұл жолы да жомарт жандар табыла кетті. Алты бірдей баласымен үйсіз қалған Әйгерім Талқанбаеваға «Горизонт KZ» компаниясы демеушілік жасап, үй сыйлады.

 

Сәрсенбінің сәтінде ауданымызға жаңа тағайындалған әкім Қайдар Әбдіханов көпбалалы отбасына жаңа үйдің кілтін табыс етіп, отбасын қуанышқа бөледі. Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған Әйгерім Талқанбаева мен жұбайы Төлеген Байтарақовтың қуаныштарында шек болмады. Енді кімді паналаймыз деп жүргенде күтпеген жаңалық бұл отбасының жанын жадыратып сала берген. Кең сарайдай үйлерін көріп қуаныштың жасын төгіп жіберген Әйгерім облыс әкімі Амандық Баталовқа, аудан әкімі Қайдар Әбдіхановқа, демеушілік жасаған «Горизонт KZ» компаниясына, басқа да қамқорлық танытқан аудан азаматтарына алғысын жаудырды. Бүгінгі қоғамда қайырымды жандардың барына ризашылығын білдірді. Отағасы Төлеген болса ең басты байлығы — балаларының аман қалғаны үшін шүкіршілік етуде. Балаларының алды 14-те болса, арты 7 айлық. Өрт шыққанда тек құжаттарын, сәбиінің тамағы мен жаялығын ғана арқалап жан сауғалаған отбасына аудан басшылары әлі көмек қолын созатын болады. Тілсіз жаудың жалмауынан аман қалған отбасының жаңа үйлерінде жаңа өмір бастайтыны анық.

Перизат НҰРҚАЕВА

«ТАЛҒАР»