Ауданымызға жаңа басшы тағайындалды

Ауданымызға жаңа басшы тағайындалды

Бүгін ауданымызға арнайы атбасын бұрған облыс әкімі Амандық Баталов аудандық мәслихаттың кезектен тыс үшінші сессиясына қатысқан еді. Мәслихат сессиясының күн тәртібінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабының 1-тармағына сәйкес Талғар ауданы әкімі лауазымына тағайындауға келісім беру туралы бір ғана мәселе қаралды. Сессия жұмысына мәслихаттың 27 депутаты мен ауданымыздағы қоғам белсенділері қатысып отырды. Жиынды ашып, жүргізіп отырған аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхит Әлібеков күн тәртібін бекіткен соң алғашқы сөзді ұсыныс жасау үшін облыс әкімі Амандық Баталовқа берді.

Облыс басшысы аудан әкімі лауазымына тағайындау мәслихатпен келісу тәртібімен жүзеге асырылатынын айтып, алдыңғы аудан басшысының өз еркімен жұмыстан босатылуына байланысты, Президент Әкімшілігінің келісімімен Талғар ауданы әкімінің лауазымына Қайдар Әбдіхановтың кандидатурасын ұсынды. Талғар топырағының тумасы, бүгінгі күнге дейін аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген Қайдар Әлиханұлының өмірдерегіне тоқталып өтті. Жоғары білімді, еңбек жолында басшылық қызметтер атқарған білікті азаматтың жүктелген міндетті абыроймен атқарып, ел ықыласына ие болатындығына зор үміт артып, халық қалаулыларының бұл шешіммен келісетіндіктеріне сенім артты. Аудандық мәслихат депутаттары облыс әкімінің таңдауымен келісіп, бірауыздан қолдап дауыс берді. Содан кейін кезекпе кезек сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Сүлейменов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, зейнеткер спортшы Қалимолда Байболов ауданымызға жергілікті азаматты басшы етіп тағайындаған облыс әкімі Амандық Ғаббасұлына алғыстарын білдіріп, жаңа тағайындалған аудан басшысын құттықтап, жауапкершілік жүгі ауыр, қиындығы мен қызығы қатар жүретін еңбек жолына сәттілік пен абырой тіледі. Елімен етене жақын болып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында аянбай еңбек етеді деп сенім артты.

Мәслихат сессиясы аяқталған соң облыс әкімі Амандық Баталов қаламыздағы «Бозторғай» мөлтекауданында іске қосылған блок-модульді қазандықтардың жай-күйін бақылап, абаттандырылған аулалардың бүгінгі келбетіне көңілдері толғандай болды. Содан кейін қаламызда өткен жылы құрылысы басталған 1200 орындық жаңа мектептің құрылысымен танысып, жұмыс барысын бақылады. Бүгінде белгіленген жоспарға сай қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарында да ешқандай кемшілік байқалмады. Мердігерлер жоба бойынша жұмыстарын жалғастырып, жоспарға сай білім ошағын ел игілігіне беретіндіктерін айтты.

Перизат НҰРҚАЕВА

«ТАЛҒАР»