«EL AMAN» — ел игілігіне!

«EL AMAN» — ел игілігіне!
Дана халқымыз: «Бірінші байлық – денсаулық», «Дені саудың – жаны сау» деп тегін айтпаған. Бұл орайда халыққа ұсынылатын медициналық қызметтің сапалы болуы ең алдымен денсаулық күзетінде жүрген ақ халатты абзал жандардың білім-біліктілігіне байланысты болса, екіншіден сол мекеменің материалдық-техникалық жағдайына тәуелді.

Жуырда 12 мыңнан аса тұрғыны бар Қызыл-Қайрат ауылында заман талабына сай жабдықталған «EL AMAN» отбасылық денсаулық орталығы ел игілігіне беріліп, көпшілікті қуанышқа кенелтті. Сәні мен салтанаты жарасқан емдеу орталығында амбулаториялық-емханалық шаралар толығымен тегін көрсетіледі. Айта кету керек, бұған дейін жұмыс жасап келген ауылдағы ескі дәрігерлік амбулаторяны қанша жамап-жасқағанымен де жыртығы жамалып бітпеген-ді. Қыста іргесінен суық ызғар ішке еніп, қабырғалары көгеретін, тозығы жеткен еден, су мәселесінің шешілмеуі сынды келеңсіз жағдайлар медицина қызметкерлерін ғана емес ауыл тұрғындарын да қынжылтатын. Бұл мәселе аудан басшыларының есепті жиындарында да көтерілген болатын. Енді міне, «көп тілеуі — көл» демекші, уақыт талабына сай бой түзеген қос қабатты емдеу орталығында алғашқы медициналық-санитариялық, емханалық көмек көрсетуге қажетті барлық жағдайлар жасалған. Бірінші қабатта келушілерді тіркеу орталығы, киім ілетін шкафтар, тізе бүгіп отыруға арналған жайлы орын, дәрігералды бақылау бөлімі, егу, ем-дом шараларын жүзеге асыратын кабинеттер жайғастырылған. Сонымен қатар 4 төсекті күндізгі стационар да жұмыс жасайды. Ал екінші қабатта балалар мен ересектерді қарайтын дәрігерлердің бөлмелері орын тепкен. Белгіленген кестеге сай кордиолог, балалар невропатологы, хирург, гинеколог мамандар қабылдау жүргізеді. Алдағы уақытта қосымша эндокринолог, ересектер невропатологы, хирург мамандардың қызметі қолжетімді болмақ. Аталмыш орталықта диагностикалық қызмет көрсетуге бағытталған заманауи үлгідегі УЗИ аппараты, электрокардиограф құрылғысы жұмыс жасайды. Сонымен қатар келісім-шарт негізінде жинақталған қан мен несепті талдау жасату үшін «Олимп» клиникалық-диагностикалық зертханасына жіберіледі, орталық толықтай компьютер, оргтехникамен жабдықталған.

Білікті маман Ақбаян Әлдібаева басшылық ететін аталмыш емдеу ошағында ұзын саны 46 адам еңбек етеді. Олардың 8-і білікті дәрігер, басым бөлігі орта буын медицина қызметкерлері мен санитарлар, техникалық мамандар да бар. Осындай сыртқы келбеті мен ішкі мазмұны үйлесім тапқан, барлық қажетті құралдармен жабдықталған жаңа нысанды ел игілігіне ұсынған «Nova Invest» ЖШС-не (құрылтайшысы Ләйлә Азатбекқызы) ауыл тұрғындары дән риза. Мұнда келген науқастардың жағдайын бақылап, ем-дом шараларын жүргізетін мамандардың да көңіл-күйі көтеріңкі. Мемлекет пен жекеменшік серіктестігі аясында бой түзеген медицина орталығы бір мезгілде 50-60 науқасты қабылдай алады. Бүгінде мұнда 12 мың адам тіркелген, олардың 3,5 мыңы 14 жасқа дейінгі балалар. 2012 жылдан бері медицина жүйесіне қызмет көрсетіп келе жатқан компания басшысы алдағы уақытта да ауылдық дәрігерлердің кәсіби біліктіліктерін шыңдауға бағытталған іс-шаралардың жүзеге асырылатынын айтты. Қолға алған бұл жобаның басты мақсаты — медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыра отырып, халыққа жоғары сапалы қызмет көрсету болып табылады. Ылайым, солай болғай!
Райхан Азимова,
«Талғар»