Жырлары оның барады ұшып ұзаққа
Қара сөздің қасиеті таңдайыңа татып, жан рахатын сезіндірер құдіретті күшке ие Мұқағали жырлары жылдармен жалғасып келеді. «Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев, өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім» деп ақынның өзі тайға таңба басқандай айтып кеткені ақиқатқа айналғалы қашан. Мына пандемияның кесірі тимегенде дүрілдеген той мен құйылған жыр жыл басынан-ақ бастау алар еді, бірақ «сақтықта қорлық жоғын» ескерген ел атаулы датаны ақынның туған күнінде тар шеңберде атап өтуді жөн көріпті. Сондай сырлы кештің бірі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Тұздыбастау Мәдениет үйінде де өтті.
«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты тақырыппен өрбіген концерттік бағдарламаны бөлім басшысы Фарида Бегенбаева ашты. Ұлттық идеологияны ширатуға келгенде жанын салып жүретін Фарида Мамырбекқызы ақынның қазақтың мұңы мен құнын, қуанышы мен жұбанышын жүрек көпіріне қалай арқау еткенін аз-кем кіріспелеп берді. Ақын жаны күнде арпалыс пен жанталаста, тынымсыз қозғалыста өткенін, қоғамдағы ерен істер мен келеңсіздіктер де ақын кеудесіне сыймай жыр-найзағай болып атылғанын атай келе, ақиық ақынның мерейтойына арналған «Жырлайды жүрек» атты онлайн-байқаудың жеңімпаздарын марапаттап, сый-сыяпат көрсетті. 16 мен 35 жас аралығын қамтыған шара екі жанр бойынша өтіп, 21 қатысушы бақ сынаған. Нәтижесінде «Эстрада» жанры бойынша бас жүлдені №1 мектептің мұғалімі П.Тасходжаева алды. Ал қалған жүлделі орындарды №45 мектеп-гимназиясының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Бейкутова мен мектеп психологы А.Төлеуғалиева, А.Байтұрсынов атындағы №7 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Г.Шынтемірова, №15 мектеп мұғалімі Ф.Әбжамал бөлісті. Ал «Дәстүрлі ән» жанры бойынша бас жүлдеге А.Байтұрсынов атындағы №7 мектептің музыка пәнінің мұғалімі Е.Рахымбай лайық деп танылды. 1-орынды №42 мектептің мұғалімі Қ.Жүнісов, 2-орынды №40 мектептің мұғалімі Ғ.Қапсаланов, 3-орынды №44 орта мектептің қызметкері А.Қожамбердиев алды.
«Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты концерттік бағдарламаның шымылдығы «Алатау аясында» ансамблінің сүйемелдеуімен К.Рахымберген орындаған «Кел еркем, Алатауға» әнімен ашылды. Ауданның өнерпаздары кезекпен-кезек шырқаған әндер кеш шырайын аша түсті. Еркіндікке ұмтылған өлеңдерімен бірге өзі де еркін ғұмыр кешкен ақынның аты қазағы барда жасай беретінінің тағы бір куәсі болып тарқастық.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»