Жасаған ерлігіне мастанбаған

Жасаған ерлігіне мастанбаған
Қашанда елді ел қылып біріктіріп, ерді ер қылып ұстап тұрған кіндік – ар-намыс болса керек. Сол бір қарғыс атқан жылдарда қан кешіп, қаһарлы күндерді бастан өткізген Ауған соғысы сарбаздарының бүгінге дейінгі басты ұстанымдары осы қасиетті екі сөзден алшақтаған емес. Кеңес үкіметі келмеске кетсе де сол кезеңнің тарихына енген 15 ақпанды ерлік иелері жыл сайын атап өтуді ұмытпайды. Осыдан 32 жыл бұрын дәл осы күні Кеңес әскерінің соңғы сарбазы Ауған жерінен шығарылған еді. Отқа оранған он жыл ауғандық сарбаздар үшін жүрекке жазылған жарамен тең, өйткені…

Айтулы датаға орай жақында аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мен аудан­дық орталық кітапхананың ұйым­дастыруымен тағылымды кеш өтті. Тағылымды деріміз сол, шараға А.Байтұр­сынов атындағы №7 мектеп-лицейінің 11-сынып оқушылары қатысып, ерлік пен өрлік тұнған әсерлі естеліктердің куәсі болды. Мемлекеттік Гимнмен бас­талған кешті бөлімнің әскери патриот­тық тәрбие жұмысы бойынша бөлім бас­тығының орынбасары Салтанат Алпыс­баева жалғастырды. Басқосудың басты мақ­саты – жастарды отансүйгіштікке тәр­биелеп, жеріне, еліне, тіліне деген сүйіс­пен­шілігін арттыруда екендігін атап өтіп, кеш қонақтарымен таныстырды. Қорғаныс істері қызметінде өлшеусіз еңбек етіп, зейнетке шыққан Жұмабай Әділмұханбетов, Ауғанстан соғысы ардагер­лерінің қалалық «Жауынгер» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Рашид Примбаев пен жауынгер Аллаберген Құрбан­баев зардабы мен азабы айтарлық­тай болған өткен шақтардан естеліктер айтып, жолдастарының майдан дала­сын­дағы ерліктері мен жеңістерін мақ­танышпен баяндады. Болашақтың тірегі, ел мен жердің қорғаны жас сарбаз екендігін, сондықтан әскери борышты өтеуден қашпау керектігін алға тартты. Осындай тәрбиелі кештің ұйытқысы болған бөлім басшысы Айдар Болатұлы мен ұжымына алғыстарын білдірді.
Аудандық кітапхана әдіскері Ризвангүл Төлегенқызы дайындаған «Отқа оранған он жыл» атты бейнеролик кештің маңызын арттыра түсті. Ауған соғысының тарихы мен қазақстандық жауынгерлердің ерлігі баяндалған көріністі жастар мол әсер ала отырып көрді. Ал кітапханашы Гүлмария Елемесова таныстырған «Ауғанның отты жылдары» атты кітап көрмесі патриоттық тәрбие беруге бағытталған басты қадам десек қателеспеспіз. Адамның адамшылығын тәрбиелейтін басты қазына – кітап екендігі даусыз ғой, себебі. А.Байтұрсынов атын­дағы №7 мектеп-лицейдің музыка пәнінің мұғалімі Ермек Рахымбай орындаған «Қазағым-ай» әні ұлттық рухты бір серпілтіп өтті. Кеш соңында бөлім басшысы Айдар Болатұлы сөз алып, ауғандық жауынгерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар оқушыларға ҚР Қорғаныс Министрлігінің әскерге шақыру учаскесіне тіркеу туралы куәлікті салтанатты жағдайда табыс етті.
Айта кетелік, Ауғанстанға Қазақстан­нан 22 мыңнан астам сарбаз жөнелтіліп, оның 1000-ға жуығы шейіт болған. Талғар топырағынан аттанған 300-ден астам жауынгердің 11-і туған жеріне оралмаған. Бүгінде ауданда 160-тан астам Ауған соғы­сының ардагерлері бар.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»