ЖАҢА ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР

ЖАҢА ОРТАЛЫҚТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ЗОР
Жақсы кітап – жан азығы. Жақсы кітап – жаныңа ізгілік себуші рухани азық. «Мен бойымдағы жақсы қасиеттер үшін кітапқа қарыздармын», – деген атақты жазушы Максим Горькийдің айтқаны сөзімізге дәлел. Кітап оқудан қалған ұрпақ жұтаңдыққа, азғындыққа, кереғар қасиеттерге ұшырамай қоймайды. Өйткені олар ой ойлаудан, айналасындағы құбылыстарға бажайлап, болжап қарау қабілетінен, тіпті адамгершілік, парасаттылық, кісілік келбетінен айырылады. Бүгінгі қоғамның соншалықты лайланып кеткені де осы кітап оқымаудың салдары десек қателеспеспіз.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында жуырда еліміздегі барлық кітапханаларда «Парасат жолы» орталығы ашылды. «Адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асқан игі шараның басты мақсаты – қоғамда тұтастық идеологиясын ғылыми, шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен және дін қызметкерлерімен бірге насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды бірлесе жүзеге асыру. Яғни орталықтың жұмысы арқылы аға буын мен жастардың арасында өзара диалог алаңы құрылып, жас буын өкілдеріне парасаттылықтың парқы түсіндіріліп, адалдық пен тазалық насихатталады деп күтілуде.
Аталмыш орталықтың ресми ашылуы 3 ақпан күні Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында өтіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы А.Шпекбаев пен мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлова ортақ меморандумға қол қойған болатын. Ал күні кеше С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасында «ZOOM» форматында онлайн кездесу өтіп, орталықтың жұмысы аудан, ауылдарда қалай жүзеге асатыны талқыланды. Шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Көлбаев ашып, ал аталмыш агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ж.Жұмабаев орталықтың маңызын, жолын, ұстанар бағытын айқындап берді. Басқосу кезінде жеке-жеке сөз алған ҚР Жазушылар Одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ә.Әрін, ҚР Мәдениет қайраткері, «Кітапхана ісінің үздігі» М.Жабиева, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын С.Қалиев, әдебиеттанушы С.Қожағұл, ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкілдігінің наиб имамы Е.Бердібеков жемқорлықтың жолын кесудегі ұтымды бастамаларды ортаға салды.
Аудандық кітапхана ұжымы мен «Nur Otan» партиясының, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің, жастар ресурстық орталығының өкілдері де толайым жаңалықты онлайн форматта тыңдап болған соң кітапханада орталықтың ресми ашылуын жасады. Орталық жұмысын оңтайландыру үшін жаңа жоспарлар мен тың жобаларын жүйелеп жатқан кітапхана әдіскері Ризвангүл Төлегенқызы бұл бастаманың жастар үшін берері мол дейді.
– Алдағы уақытта орталық жұмысына зиялы қауым мен дін өкілдерін шақырып, жастармен тағылымды, тәрбиелі кештер өткіземіз бе деп жоспарлап отырмыз. Яғни, балаларды кітап оқуға баулу арқылы кісілікке, парасаттылыққа, мәдениеттілікке қол жеткізуге жетелейміз. Жастардың бойын билейтін жаман әдеттерден бірте-бірте арыламыз деп сенемін.
Байтақ елге ие болатын жастардың болашағы үшін басталған бұл қадам сөз жүзінде қалып қоймаса етті деп біз де сенеміз.
Меруерт Мәулет,
«Талғар».