Тұрғындар тілегі ескерілетін болады

Тұрғындар  тілегі ескерілетін болады
Белгіленген жоспарға сай 5 ақпан күні аудан әкімінің қорытынды есепті жиыны болды. Коронавирустық пандемияға байланысты халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында биылғы есепті жиындар онлайн форматта өтіп жатыр. Бұл күнгі жиын барысында әдеттегідей «ZOOM» жүйесі арқылы байланыс орнатылып, тұрғындар тікелей эфир арқылы аудан  әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп сауалдарын жолдап  отырды.
           Бірінші кезекте  аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар  Әбдіханов  есепті баяндама жасады. Өз сөзінде ол  ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі мен өткен жылы жүзеге асырылған  ауқымды істер мен жоспарлы жұмыстарды сала-сала бойынша тізбектей жеткізді. Салық түсімі мен бюджеттің орындалуынан бастап, білім, денсаулық, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, кәсіпкерлік, құрылыс салалары, инфрақұрылымдарды дамыту, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып отырған жұмыстар  жайын жан-жақты қамтып, дәйекті деректермен  айқындап берді.  Қайдар Әлиханұлының тұщымды баяндамасынан кейін тұрғындар облыс әкімінің орынбасары Батыржан  Байжұмановтың сөзіне құлақ түрді.   Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қысқаша тоқталып өткен лауазым иесі, Талғар ауданындағы ел игілігіне бағытталған ауқымды істерді де тілге тиек етіп, алдағы уақытта жүзеге асырылатын бірқатар ауқымды жобаларды атап өтті.    Осыдан кейін «ZOOM» жүйесі арқылы онлайн байланысқа шыққан аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Ж.Бұтабаева ауданымызға қарасты Бесағаш, Панфилов, Кеңдала, Ақтас елді мекендерінде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлерді газ жүйесіне қосу қашан жүзеге асырылатынын сұраса, аудандық мәслихат депутаты, қала тұрғыны Бауыржан Әукенов Қайнар ауылдық округіне қарасты Жаңаарна ауылы тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатқан мәселесін алға тартты.  Аталмыш ауыл Талғар ауданының аумағында орналасқанымен көршілес  Іле ауданының әкімшілік-аумақтық құрылысына бағынышты болғандықтан, ондағы электр, су және телекоммуникация байланысын Іле ауданы қамтамасыз етіп отырғаны айтылды. Осыған орай Талғар және Іле аудандарының шекараларын өзгерту мәселесі өткір тұр, дей келе бұл мәселені  облыстық деңгейде қарастыруды сұрады. Батыржан  Құлаймергенұлы бірінші сауалға байланысты елді мекендерде орын тепкен көпқабатты үйлердің жылу жүйесін көгілдір отынға қосу назардан тыс қалмағанын, алдағы уақытта оңтайлы шешілетініне   сендірді, сонымен қатар  көтерілген екінші мәселенің мән-жайын облыс әкімінің назарына жеткізетінін айтты.
               Осыдан кейін кезек инстаграм әлеуметтік желісі арқылы келіп түскен  сауалдар легіне берілді. @_zhiga_ желі пайдаланушысы Амангелді ауылындағы электр бағаналары қашан ауыстырылатынын  сұраса, @covetbekova.altynai  Талғар қаласындағы салынып жатқан 1200 орындық мектеп құрылысы қашан пайдалануға беріледі, депті. Амангелді ауылындағы электр  желілеріне реконструкция және орнату жұмыстарына байланысты ЖСҚ әзірлеуге 5 млн. теңге бөлінген,  ендігі уақытта аталмыш жұмыстарды жүзеге асыру үшін бюджеттік тапсырыс берілетіні, сонымен қатар  салынып жатқан білім шаңырағының құрылысын аяқтау үшін биылғы жылы бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлініп, жоспарға сай  желтоқсан айында мектеп іске қосылатыны айтылды. «Талғар қаласындағы  Абай  атындағы №3 ОМ жөндеу жүргізіле ме?» деген сауалға да жауап берілді. Аталмыш мектептің күрделі жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Олай болса мектеп толықтай жөндеуден өтеді. Жалғамыс, Жаңалық ауылдарына 600 орындық мектеп салу жоспарда бар екен.  Биыл ЖСҚ жасалып,  сараптама нәтижесі күтілуде.   Білім саласына қатысты басқа да  бірқатар мәселелер баяндамада қамтылғанын айта кеткен жөн.   Қызылту ауылындағы №24, Туғанбай ауылындағы №30 орта мектептердің электр жүйелерін жөндеуге 38,1 млн. теңге, Талғар қаласындағы №5 ОМ ішкі дәретханасын  ағымдағы жөндеуден өткізуге 8,7 млн. теңге бөлінген.   Қазіргі таңда 25 білім мекемелері газға қосылған. Келесі  кезекте 11 мектепті газға қосу үшін 147 млн. теңгеге жобалық сметалық құжаттар жасалған. Желі пайдаланушыларынан түскен сауалдарға қатысты Туғанбай ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілетіні, Ақдала ауылына медпункт салу жоспарланып отырғаны, Бірлік ауылына мектеп салуға қатысты да жұмыстар атқарылып жатқаны  айтылды. Тұздыбастау ауылындағы Мұстафин, Латиф Хамиди көшелеріне жөндеу жұмыстары жүргізу үшін қаражат бөлінген.   Осылайша, бірқатар сауалдарға жауап берген аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар  Әбдіханов әлеуметтік желідегі аудан әкімдігінің  инстаграм  парақшасына тұрғындар тарапынан келіп түскен  барлық сауалдарға бір апта ішінде жауап берілетінін ескертті.
            Жеке қабылдауда алғашқы болып  Еркін ауылының тұрғыны Серікхан Беспаев байланысқа шықты. Ол үлкен күре жол бойынан Еркін ауылына бұрылатын тұсқа бағдаршам қоюды сұрады, Қызыл-Қайрат ауылына полиция тірек пунктісі қажет екенін алға тартқан Ердаулет Рахымбаетың да өтініші  оңтайлы шешілетін болды. Талдыбұлақ ауылының тұрғыны Нұрбол Досымбаев Б.Момышұлы көшесіне  жөндеу жұмыстары қашан жүргізілетінін білгісі келсе,   Арайлым Жұмабаева  Кеңдала ауылындағы Жаңақұрылыс аумағында электр жүйесін ретке келтіруді сұрады. Аталмыш көшеге жөндеу жұмыстары биылғы жылдың көктем айында қолға алынбақ, ал электр жүйесіне қатысты жұмыстарды айқындау үшін ЖСҚ-ды әзірлеуге  10 млн. теңге бөлінген. Көп ұзамай бұл мәселе  шешімін таппақ. Талғар қаласының тұрғыны Ж.Сүлейменовтың Ауданымыздың шалғайында орналасқан   Нұра ауылдық округіне өрт сөндіру бекетін салу мәселесі көтеріліп келе жатқан-ды. Көп тілегі қабыл болып, аталмыш нысан құрылысына бөлінген 14361,0 мың теңге қаржыны игеру үшін  наурыз-сәуір айларында ашық конкурс жарияланып, құрылыс жұмыстары да басталады деп күтілуде.  Тұздыбастау ауылының  тұрғыны Раушан Қабылжанова  кәріз сорғы станциясы қашан салынатынын сұрады. Бүгінгі күні Тұздыбастау ауылдық округінде кәріз сорғы станциясын салу үшін жер телімдері мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Райхан Азимова,
«Талғар»