Берекелі ісімен үлгі Бесағаш
Жүйелі жұмыс пен болашаққа деген батыл болжамдарды Бесағаш ауылдық округінен анық аңғаруға болады. 2013 жылдың қараша айынан бастап округ әкімінің бюджетін өз қолдарына алған елді мекен жауапкершіліктерін күшейтіп, талаптарын нығайта түскен. Бесағаш пен Ақбұлақ ауылдарынан тұратын округтың жалпы аумағы 69,130 га. Округ әкімі Марат Арынбаевтың баяндамасынан алға басқан ауылшаруашылығын, өркендеп жатқан кәсіпкерлікті, жақсарған инфрақұрылым мен түзу жолға қойылған тазалық жайын аңғардық.
Агроөнеркәсіп кешенін тұрлаулы әрі серпінді дамыту бағытындағы атқарылған жұмыстар да халық көңілінен шығып жатыр. Мұны әлеуметтік желідегі бесағаштықтардың игі тілегінен білуге болады. Дегенмен, Алматыдай мегаполиске ең жақын орналасқан округтің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты сауалдар қарша борады. @idtech.kz Т.Рысқұлов атындағы көшенің сын көтермейтінін алға тартса, @sholpan_6060 Райымбек көшесіндегі №20 үйден жоғары жаяу жүргіншілер жолын қоршап алғанын, түнде жол жиегімен жүру балалар үшін қауіпті екендігін жеткізді. @kenje_qul Ақбұлаққа ауыз су жеткізілсе деген өтінішін білдірсе, @kulmeskhanabdreimova ауылдың төменгі жағындағы Жамбыл, Амангелді, К.Бәйсейітова көшелеріндегі батпақтан аяқ алып жүре алмайтындығын, су құбырын жүргізген мердігер компанияның әп-әдемі асфальтты қопарып, қайта жасамай кеткендігін айтты. @aknuralaidarova, @turbaeva90__ балаларға арналған спорт алаңының керек екенін алға тартса, @parrassat Мәдениет үйінің құрылысы қашан бітетінін сұрады. Бәрін қадағалап оқып отырған аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы өз баяндамасынан кейін тиісті жауаптарын берді. Әсіресе күн жылынып, қар еріген уақытта қара балшыққа айналатын көшелердің жайын назарға алу керектігін округ басшысына қатаң тапсырды. Әкім жұмысын қанағаттанарлық деп бағалаған бесағаштықтар бұдан былай да берекелі істерімен биікке шыға беретінін байқатты.
«ZOOM»-нан келген сауалдар:
С.Қиябаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:
— 2 ай бұрын шатыры өртенген Мәдениет үйі қайта жөндеуден өте ме жоқ жаңа Мәдениет үйі салына ма?
Қ.Әбдіханов: — Бұл Мәдениет үйі бүгінде облыстық комиссиясының экспертизациясынан өтуде. Өз тарапымыздан хат та жолдадық. Экспертизаның қорытындысынан кейін белгілі болады.
Х.Узыналиев, Бесағаш ауылының тұрғыны:
— Мен М.Лермонтов көшесі тұрғындарының атынан сауал жолдайын. Бізге орталық кәріз жүйесі жасалса деген тілегіміз бар.
Қ.Әбдіханов: — Бұл жоба осы жылдың жоспарына еніп, қаржы бөлінді.
М.Қожамбердиев, Бесағаш ауылының тұрғыны:
— Округ әкімдігінің ғимараты жұтап тұр. Жаңа ғимарат салу жоспарда бар ма? Және су құбырын тартамыз деп жолды бұзып кеткен мердігер компанияларға қандай шаралар қолдана аласыздар?
Қ.Әбдіханов: — Әкімдіктен ғимаратқа деген арнайы жер телімі бөлініп, мемлекеттік актісі дайын тұр. Күн жылынғанда құрылысы басталады. Ал жауапсыз мердігер компаниялар жер құрғаған соң қалпына келтіреміз деп уәде берді.
Б.Тоқтасынов, зейнеткер:
— Орынтайдағы бетон зауытының жұмысына халық наразы. Адам денсаулығына кері әсер етіп жатыр. Жұмысын тоқтатуға бола ма?
Қ.Әбдіханов: — Бұл мәселеден хабарым бар. Екі рет халықтың шағымымен барып, танысқанмын. Бүгінде олар жұмысын уақытша тоқтатты. Халыққа зияны тимейтіндей жолын қарастырамыз.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»