Мәселелер оң шешімін таппақ
Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әбдіхановтың аудан тұрғындары алдындағы онлайн есебі кестеге сәйкес өз жалғасын табуда. Бұл жолы аудан басшысы әлеуметтік желі арқылы Гүлдала ауылдық округі тұрғындарының алдында есебін берді. Әдеттегідей бірінші болып Гүлдала ауылдық округінің әкімі Мақсат Маханбетқали бір жыл бойындағы атқарған жұмыстары туралы есебін берді.
Округтің бүгінгі тыныс-тіршілігі, атқарылып жатқан игілікті істер, болашақта шешілуге тиіс шаруалар, бюджет қоржынынан бөлініп жатқан қаражат мөлшері жайлы тұщымды баяндама жасады. Содан кейін ғана аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы сөз алып, гүлдалалықтар алдында есепті баяндамасын оқыды. Өз сөзінде аудан басшысы өткен 2020 жылы атқарылған жұмыстарды тізбектеп, үстіміздегі жылы жасалатын жұмыстарды да тілге тиек етті. Ауданда бүгінге дейін ауқымды істер атқарылған. Көп ретте тұрғындардың арыз-шағым, ұсыныстарына көңіл бөлініп, ел тілегі ескерілген. Ауыз су, жолдарды жөндеу, жарық, байланыс пен білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік салаларда атқарылған істерге жете тоқталған аудан әкімі түйткілді проблемалардың мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде шешіліп отырғанын да айта кетті. Қос әкімнің де есепті баяндамалары газетіміздің алдыңғы сандарында жарияланғандықтан барлық мәліметті тізбектеп жатуды жөн көрмедік. Әкімдер есеп беріп жатқан уақытта алдын ала ақпарат құралдарында көрсетілген инстаграм парақшасы арқылы тұрғындар өз арыз-шағымдары мен өтініш-тілектерін білдіріп жатты. Арасында ауылдағы атқарылып жатқан игі істерге ризашылықтарын білдіріп, әкімдер есебіне оң бағаларын беріп жатқан да желі қолданушылары болды.
Zakiryaeva.leila аккаунтының иесі жаңақұрылыстың көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерсе, kasabekova69 аккаунтының қолданушысы Гүлдала ауылына жаңа мектеп керектігін сұраған өтінішін жолдапты. Ал kairat6267 Гүлдала ауылының көшелерін жарықтандыру мәселесін, klara.bagasharkyzy Кіші Байсерке ауылының жаңақұрылысын ауыз сумен қамту мәселесін, recommended_person Гүлдала ауылының жаңақұрылысына балабақша керектігін, алға тартты. Abitkanovazhanar Құрылысшы, Жалын мөлтекауданында ауыз судың жоқтығын, жарық жүйесін тарту, көгілдір отынға қосылудың қымбаттығын айтты. Bestoilserviceandparts Құлжа күре жолы бойындағы жаяу жүргіншілер жолағын жарықтандыру керектігін сұраса, adokanukibaeva ауылдық округ әкімшілігіне жаңа ғимарат салу мәселесін көтерді. Stayhonest1 аккаунтының қолданушысы ауылға тірек пункті қажеттігін, Гүлдала ауылындағы емхананың алыстығын айтып, осыған орай Іле ауданына жақын ауылдардың тұрғындарын сол ауданның ауруханаларына тіркеп берсе деген тілегін білдірді. Askaraytmaganbetov Гүлдала ауылындағы Д.Қонаев колхозына тиесілі Мәдениет үйі, балабақша, әкімшілік ғимаратының тозығы жетіп, қаңырап тұрғанын жеткізіп, осы ғимараттарды ел игілігіне қайтарып, пайдалануға берілуін сұрады. Аудан басшысы келіп түскен сұрақтардың кейбіріне қолма-қол жауап беріп, кейбірін назарға алды.
Есепті кездесуден кейін Қайдар Әлиханұлы Гүлдала ауылдық округінің тұрғындарына онлайн форматта қоғамдық қабылдау жасады. Бірінші болып ZOOM желісі арқылы байланысқа шыққан гүлдалалық Надежда Афганова биылғы жылы Гүлдала ауылының қандай көшелеріне жөндеу жұмыстары жоспарланғанын сұраса, Бижамал Найманбаева әкімшілік ғимаратын салу мәселесін көтерді. Кіші Байсерке ауылының тұрғыны Рашида Мординова ауылдарына су құбыры жүргізілсе деген ауылдастарының өтінішін жеткізді. Зейнеткер Баян Абдулина Гүлдала ауылына тірек пункті керектігін алға тартса, студент Рахат Қойшыбай Кіші Байсерке ауылының көшелеріне асфальт төселсе деген өтінішін білдірді. Қайдар Әлиханұлы барлық сұрақтарға тиянақты әрі нақты жауап беріп, болашақ еншісіне қойылған мәселелерді оң шешуге күш салатынын айтты.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»