Округ әкімінің онлайн есебі

Округ әкімінің онлайн есебі
Мемлекет басшысының жарлығы негізінде барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында есеп беру кездесулері өтуде. Осы орайда сәрсенбіге сәті түскен, аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы мен Тұздыбастау ауылдық округінің әкімі Мирас Баймолданов ел алдында есеп берді. Елдегі санитарлық жағдайға байланысты осы жылғы дәстүрлі есеп беру әдеттегіден ерекше, яғни онлайн форматта өтті.
Әкімдерге сұрақ-сауалдарын азаматтар әлеуметтік желі арқылы бұрынырақ әкімдіктің сайтында және газетіміздің өткен сандарында жарияланған инстаграм парақшасы арқылы қоюға мүмкіндік алды. Есепті жиынға аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетова модератор болып, күн тәртібімен таныстырып, жиналысты ашып, жүргізіп отырды.
Тұздыбастаулық тұрғындар алдында алғашқы болып сөз алған Тұздыбастау ауылының әкімі Мирас Баймолданов округтің 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2021 жылға арналған міндеттері туралы есепті баяндамасын оқыды. Аудан және ауыл әкімдерінің тезисті баяндамаларының толық мәтіні газетіміздің өткен сандарында жарияланғандықтан, баяндамаға толық тоқталып, сандық көрсеткіштерді тарқатып жатуды жөн санамадық.
Тұздыбастау ауылы әкімінің есебінен кейін мінберге көтерілген аудан басшысы Қайдар Әбдіханов та өзінің тұщымды баяндамасын жасап, ауданымыздың тыныс-тіршілігі мен әлеуметтік дамуы туралы сөз қозғады. Оның ішінде салық жинау, бюджеттің кіріс-шығысы, өнеркәсіп пен кәсіпкерлік, денсаулық сақтау мен білім саласы, халықты жұмыспен қамту, ауданымыздағы әлеуметтік бағдарламалардың орындалуы, инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне қатысты атқарылып жатқан ауқымды істер мен болашаққа жоспарланған шаруаларымен таныстырды. Онлайн кездесу барысында әлеуметтік желі арқылы тұрғындардан түрлі сұрақтар қойылып жатты. Кейбіреулері әкімдердің есебін жоғары бағалап, қанағаттанса, енді бірі өздерін толғандырған мәселелерін алға тартты. Мәселен, n_nurbekov аккаунтының қолданушысы Тұздыбастау ауылына қарасты Сарыарқа көшесіне асфальт төселгені үшін рахметін айтып, жылы лебізін білдірсе, led887700 аккаунтының иесі Жайлау ықшамауданындағы электр трансформаторының АЖК-ға өткізілуін сұрады. edilabduali сынды инстаграм қолданушысы жаңақұрылыстағы көшелерге атау беру мәселесін көтерді. Alya_esen аккаунтының қолданушысы ауыз су мәселесін алға тартты. Аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әлиханұлы тұрғындардан келіп түскен сұрақ-сауалдарды назарына алып, кейбіріне бірден жауап беріп, кейбірін шешу үшін болашақ еншісіне қойды.

Есеп берудің негізгі бөлімі аяқталғаннан кейін аудан басшысы Қайдар Әбдіханов ZOOM қосымшасы арқылы байланысқа шығып, Тұздыбастау ауылының тұрғындарына қоғамдық қабылдау жасады. Қабылдауға алғашқы болып жазылған Лаура Ильясова Жанеля ықшамауданындағы Үлкен Алматы каналы арқылы өтетін көпір салынуын сұраса, ауыл белсендісі Бектеміс Мұсаханов округ халқының саны өскенін алға тартып, жаңа амбулатория керектігін айтты. Роза Жалмұрзаева Алатау ауылына қатынайтын күре жол бойына аялдамалар салынса десе, Шаагзам Купидинов ауылға жаңа мектеп керектігін айтты. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығы дерлік ағымдағы жылдың жоспарында тұрғанын жеткізіп, олардың жоспарлы орындалуын назарға алды.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»,