Осы аптаның сейсенбісі күні аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әбдіханов пен Кендала ауылдық округі әкімі Алмас Өмірзақовтың есепті баяндамалары тыңдалды. Қос әкім өткен жылы атқарылған жұмыстар жайын егжей-тегжейлі баяндап, алдағы уақыттағы атқарылуға тиісті ауқымды іс-шаралар жоспарымен де таныстырып өтті. (Әкімдердің 2020 жылғы есепті баяндама тезисінің толық нұсқалары газетіміздің өткен сандарында жарияланған болатын.) Халық пен атқарушы билік арасында «ZOOM» жүйесі арқылы байланыс жасалып, тікелей эфирде тұрғындар аудан әкімдігінің инстаграм әлеуметтік желідегі парақшасына кіріп талап-тілектерін, сауалдарын жеткізіп отырды.
@Bmb_bmb_02 деген желі пайдаланушысы Еңбекші ауылындағы су тарту жұмыстарынан кейінгі бұзылған жолдар қашан қалпына келтіріледі деп сауал қойса, mbaminaa аккаунтының иесі Құлжа күре жолы мен Еңбекші ауылы қиылысатын айналма жолдың жанына бағдаршам орнатуды сұрады. @meruertsabdalieva Еңбекші ауылына қашан балабақша салынатынын білгісі келеді, @bikoshyngys деген аккаунт қолданушысы Кеңдала ауылындағы №38 мектепке күрделі жөндеу қашан жүргізіледі деген сауалын жолдапты. Қоғам белсендісі Қ.Хасанова Талғар өзені бойындағы қиыршық тас өндіретін карьер 2021 жылдың қаңтар айында жабылуға тиісті еді, бірақ бұл аздай қазір тағы бір жаңа карьер іске қосылып, күні бойы жұмыс жасап жатқанын ашына жеткізді. @syltankulova_tohktykhan Кеңдала әкімшілік ғимаратынан №42 мектепке қарай көтерілетін жол қашан жасалады десе, @farida_shaiakhmet Еңбекші ауылындағы жаңа құрылыс ықшамауданына көше салына ма деп сауал қойыпты. Округте орын тепкен саяжайлар мен Ақтас, Еңбекші ауылдарында интернет желісі өте нашар екенін жазып шағымданғандар да көп болды. Алмалық ауылына баратын жол бойын, сонымен қатар Ақдала ауылының орталық көшесін жарықтандыру, жекеменшік құзырындағы электр ТП-ны АЖК балансына өткізіп беру мәселелері мен Ақдала ауылына ФАП, Ақтас ауылына дәрігерлік амбулатория салу қажеттігі де айтылды. Әлеуметтік желі арқылы келіп түскен сауалдардың бірқатарына тұщымды жауап берген аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қайдар Әбдіханов нақты жасалып жатқан жұмыстарды да атап өтті.
Осыдан кейін Қ.Әбдіханов онлайн байланыс арқылы тұрғындардың тікелей сауалдарына жауап берді. Бірінші болып байланысқа шыққан Өміртай Әділхан өзі тұрып жатқан көпқабатты үйдің тозығы жеткен шатырын жөндетуге көмектесуді, сонымен қатар жылу жүйесінің көгілдір газға қашан қосылатынын сұрады. Ақдала ауылының тұрғыны Рысалды Жолдасова интернет мәселесін алға тартты, Кеңдала ауылының тұрғыны Ерлік Жалғабай №706 ТП-ны АЖК балансына өткізуді, Наурызбай батыр көшесіне асфальт төсету керектігін жеткізді. Аудан бойынша жекеменшік құзырында мыңнан аса ТП бар екен. Бұл мәселе бірнеше жылдан бері қордаланып келе жатқаны белгілі. Осыған орай лауазым иесі бұл бағытта біршама жұмыстар атқарылып жатқанын алға тартты, Наурызбай батыр көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар екенін жеткізді. Кеңдалалық тұрғын М.Ускенбаев, Әсел Байжұманова Алматы көшесіне қашан асфальт төселіп, жол бойы жарығы шешілетінін сұрады. Сондай-ақ, жаз айларында су жүйесіндегі қысымның төмендігінен ауызсудың тапшылығын айтып, шағымданды. Жомарт Дуанбеков деген азамат Смыков-Жангельдин көшелерінің қиылысына жаяу жүргінші белгісін орнатуды өтінді. Осылайша тұрғындар тарапынан түскен сауалдарға толықтай жауап беріліп, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді.
Райхан Азимова,
«Талғар»