Қызмет сапасы артуда
Ауданымызда өткен жылдың аяғында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында ашылған сервистік әкімдік бүгінде өз жұмысын қарқынды атқаруда. «Open space» қағидаты бойынша жұмысын бастаған орталықта тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 48 түрін көрсететін 8 мекеме орналасқан.
Мамандарды бір алаңға шоғырландыру арқылы аудан тұрғындарына қолайлы жағдай туғызу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттыру және сыбайлас жемқорлықты жою мақсатын көздейтін сервистік әкімдік ашылғалы аудан тұрғындары әр бөлімдерді іздемей-ақ қажетті қызметтерді бір ғимараттан алып, әуре-сарсаңға түспей уақытты да үнемдеуде. Сервистік әкімдікте халықтың алаңсыз қызмет алуына барлық жағдай жасалған. Күту залы мен балаларға арналған шағын ойын алаңы қарастырылып, электронды кезек енгізілген. Қызу жұмыс жасап жатқан орталыққа күніне жүзден аса азамат келіп, құжат рәсімдейді. Еліміздегі пандемия салдарынан жалғасып жатқан карантин нормалары да талапқа сай сақталуда. Атап айтқанда, арақашықтықтың сақталуы, бетпердесіз кіруге болмайтындығы, антисептиктер орналастырылып, кіре беріске санитарлық кілемше төселгені халықтың саулығын сақтау үшін қолға алынған игілікті шара.
Ғимаратта “Жетісу – адалдық алаңы” жобасы аясында ашылған азаматтарды қабылдау кабинеті де бар. Ол жерде аудан әкімі, әкім орынбасарлары, мекеме басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау жүргізеді. Сонымен қатар ел игілігі үшін арнайы жабдықталған «Е-gov» бұрышы өз-өзіне қызмет көрсетуге арналған. «Сервистік әкімдік» тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс жасап, дер кезінде азаматтардың сұраныстары мен сұрақтарына жауап беру мүмкіндігін беруде. Бұл көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында тиісті шараларды қабылдау үшін, қызмет алушылармен кері байланысты жақсартады. Қазіргі күні сервистік әкімдікке қызмет алуға келген тұрғындардың барлығы дерлік қызмет сапасына, мамандардың біліктілігіне қанағаттанып, ризашылықтарын білдіруде. Бірнеше мекеменің бір жерге шоғырлануы халық үшін өте тиімді екеніне көзіміз жетті.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»