Саннан сапаға өтер кезек келді

Саннан сапаға  өтер кезек келді
Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің «Орталық атқарушы органдар басшыларының, әкімдердің, ұлттық жоғары оқу орындары ректорларының халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» 2016 жылғы 5 ақпандағы №190 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулері өткізілуде.
Аудан әкімінің жылдық қорытынды есебі қоғамдық кеңес мүшелерінің алдында да өтті. Кезекті отырысқа санитарлық нормаларды сақтай отырып, қоғамдық кеңес мүшелерінен санаулы адам, аудан әкімінің орынбасары, бөлім басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Жиналған қауым күн тәртібіне қойылған «Ауданның 2020 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2021 жылғы дамудың негізгі бағыттары туралы» аудан әкімінің орынбасары Дәркен Нұржанұлының есебіне назар аударды.
Негізгі міндетті жұмыстар бойынша аудан әкімі орынбасарының қорытынды есепті баяндамасы барлық салаларды түгелдей қамтып, істелінген жұмыстар мен алдағы міндеттерді айқындап берді. Мәдениет, жол, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, төтенше жағдай қызметі мен құрылыс саласында да атқарылған жұмыстар назардан тыс емес. Ауданның тыныс тіршілігін қалт жібермей қадағалап отырған қоғамдық кеңес мүшелері де өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, қанағаттанарлық жауаптарын алды.
Қоғамдық кеңес мүшесі Мария Ордабайқызы жоғарғы тас жолда басталған су құбыры жұмыстарының аяқталу мерзімі мен көпқабатты үйлерге су тарту мүмкіндігін сұраса, Матан Бекбосынов Ақбұлақ демалыс орнына баратын жолдың жиегіндегі арық жүйесінің жолға жақын орналасқандығының салдарынан бірнеше көліктің сол арыққа түсіп кеткенін алға тарта келе, жол мен арықты бөлетін қоршау салуды қарастыруды өтінді.
Сонымен қатар Қоғамдық кеңестің жаңа сайланған төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы өзіне жүктелген аманат жүгінің ауыр екенін, өткен жыл толайым табыстарға толы болғанын тілге тиек ете келе, биылғы жыл да берекелі болуына тілектестігін білдірді. Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірге аудан дейгейінде атқарылар ауқымды істердің басы-қасынан табылып, бақылауда ұстайтынын жеткізді. Жиын соңында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан аудан әкімі орынбасарының есептері негізінде өткен жылғы қызметтеріне оң баға беріп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»