Құс өсірумен айналысуды қолға алды

Құс өсірумен айналысуды қолға алды
«Кәсіп түбі нәсіп», «еңбек етсең емерсің» деген ғибратты сөздің мәні тереңде. Бүгінде өз кәсібін ашып, нәсібін теріп отырған жандар көптеп саналады. Солардың бірі Игіліков Талғат Есполатұлы дер едік. Жастайынан еңбекке ерте араласқан жігіт уақытын бос өткізіп, қол қусырып отырған емес. Ерінбеген адамға жұмыс табылады. Қолынан көп тірлік келетін ол қандай шаруа болсын білек сыбана кірісіп кететін. Күндіз құрылысшы болып тас қалап, сылақ сыласа, түнделетіп күзет қызметін де атқарып нәпақасын адал еңбек, маңдай терімен тауып жүрген-ді. 2014 жылдың қараша айында айтып келмейтін оқыс оқиға себебінен Талғаттың өмірі күрт өзгерді. Сауда базарында жүк тасып жүрген жігіттің үстіне ауыр зат құлап, омыртқасы сынып, жұлынына зақым келді. Тағдыр тәлкегіне душар болған азаматтың екі аяғынан жан кетіп, арбаға таңылды. Сол бір күндердің барша ауыртпалығы мен қиыншылығы сағын сындыра алмады. Өмірлік жары Әсем, туған-туыс, жора-жолдастары жанынан табылып, қолтығынан демеп, сүйеу болды. Талғат Есполатұлы арбаға таңылса да, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған жан. Сырқатымен күресіп келе жатқан азамат аяғынан тік тұруды армандайды. Оны алға жетелейтін күш – бойына біткен табандылығы мен қайсарлығы, еңбекке деген құлшынысы дер едік.
Былтырғы жылы Талғат Игіліков Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы бойынша онлайн форматта 1 айлық кәсіпкерлік негіздерін оқыта­тын курсқа қатысты. «Атамекен» Кәсіп­­керлік палатасы мамандарының жетекшілік етуімен әзірлеген бизнес жобасы мақұлданып, 555 600 теңге қайтарымсыз грант алу мүмкіндігіне ие болған-ды. Осылайша, көптен бері «өз ісімді бастасам» деген ойы жүзеге асады. Бөлінген қаржыға қуаты бір мезгілде 1000 жұмыртқа басып шығаратын инкубатор, оған қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Белгілі француз жазушысы Жан-Жак Руссо: «Жаның жай тапсын десең-еңбектен» деген екен. Сол айтпақшы, еңбекпен өмірін өріп үйренген азамат үшін бұл бір үлкен мүмкіндік болғаны рас. Енді ол өзін жаңа бір салада – құс өсіруде сынап көрмекші. Үкіметтің қолдауымен өзін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп қана қоймай, айналасына, қоғамға да мол пайдасын тигізбек.
– Кәсіптің қай түрі болсын іскерлік пен шыдамдылықты талап етеді. Бұ­рын-соңды айналыспаған шаруам бол­ғандықтан көп оқып, ізденуіме тура келді. Ең алғашында инкубаторға таныстарым мен көрші-қолаңның тапсырысы бойынша 400-ге жуық жұмыртқа жинап салдым. Құрылғы 21 күн жұмыртқаны шайқағаннан кейін ғана балапан жарып шығады. Онда да салынған жұмыртқаның сапасына қарай бәрі бірдей басылып шықпайды, шығыны да болады. Мәселен, жұмыртқа тоңазытқышта сақталған болса немесе бір жерінде жарығы болса инкубаторға салуға жарамайды. Тағы бір ескеретін жайт, инкубатор үздіксіз тәулік бойы электр жарығымен қамтамасыз еті­л­уі керек. Егер жарық бір сағатқа сө­ніп қалатын болса, онда салынған жұ­­мырт­­қалар ысырап болады. Сол себеп­­ті генератор сатып алғанмын, әрі электр қуатын реттейтін арнайы тұрақ­тан­дырғыш (стабилизатор) құралын да іске қосамын. Көктем мезгілі келгенде жұ­мыс ауқымын кеңейтіп, құс өсіруге арналған ыңғайлы қора салу да ойда бар. Сонымен қатар алдағы уақытта қаз, үйрек, бөдененің жұмыртқасын бастыру­ды да көздеп отырмын. Оған техникалық мүмкіндік жеткілікті. Тек ынта-ықылас, табандылық, аздаған қаражат болса болғаны, — дейді кәсіпкер жігіт ағынан жа­ры­лып.
Иә, «рахаттың әкесі-еңбек» деген екен бір данагөй. Олай болса «арбаға таңыл­дым» деп жасымай, өз жігерін өзі жанып қиыншылықты жеңе білуге ұмтылған қайсар жанға қолға алған ісінің игілігін көруді Алла нәсіп етсін! деп тілейміз!

Райхан Азимова,
«Талғар»