«Білімнің қайнар бұлағы, сенің рухани қазынаңның қайнар бұлағы — кітап. Өз кітапханаңды құра біл, кітапты бір оқып қанағат тұтпа, қайтадан оқы», — деп ұлы педагог Сухомлинскийдің айтқан сөзі бар. Шынында да, жақсы кітап — ақылды адаммен әңгімелескенмен бірдей. Кітап оқыған сайын жан дүниең нұрланып, әлемнің ғажайып әлеміне қарай бет алып бара жатқандай күйге тап болатының бар.
Кітапты шын сүйген жанға ол патша тағынан да қымбат. Ал, осы алтын қазыналар мекенінің күзетшісі іспетті күні бойы ғимарат ішінде күйбеңдеп жұмыс істейтін кітапханашылардың еңбегі де ерен. Олар кітап сүйер қауымға білімнің інжу-маржандарын тегін үлестіретін рухани әлемнің атымтай жомарты сияқты көрінеді. Өйткені олар оқырмандарға қалтқысыз қызмет ететін абзал жандар. Солардың бірі — кітапханадағы библиография бөлімінің бас маманы болып қызмет ететін Сәуле Карыбозова. Қаскелең мәдени-ағарту училищесін, кейін Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының «кітапханашы-библиограф» бөлімін бітірген. Сәуле бұл күндері кітапханадағы тәжірибелі маманның бірі саналады. Ол — «Тарихы терең — Талғардың шежірелі белестері» атты кітапты құрастырушы, 2015 жылы облыста өткен «Өлкенің танымал тұлғалары» атты байқауда құнды дүниелер жариялағаны үшін І дәрежелі «Дипломмен» марапатталған жан. Ғасырларға сапар шегетін «ақыл ескерткіші» іспетті асыл қазыналар қоймасының маманы – Сәуле Карыбозова әлі де халқына қалтқысыз қызмет ете бермек.
Тұрсынбек Жалғасбаев,
«Талғар».