Аралас оқу форматы басталды

Аралас оқу форматы басталды

Жаңа тоқсан

2021 жылдың 11 қаңтарынан басталып 19 наурызында аяқталатын ІІІ тоқсан басталғалы «аралас оқу форматы» деген сөз қолданысқа енді. «Онысы несі» деп үдере қараған ата-ана, «ол қалай?» деп түсінбеген бала шынымен де абдырап қалды. Әсіресе, 1 жылға жуық мектеп табалдырығын көрмеген оқушылардың көңілдері күпті, күдіктері басым. Дегенмен тоқсан басталысымен еліміздегі барлық мектептердің 9, 11-сынып оқушылары мектепке қарай аяңдай бастады. Барлық санитарлық талап сақталып өтіп жатқан сабақтардың жай күйін аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Айсабекқызынан білген едік.

— Алматы облысының аумағында карантиндік және кейбір шектеу шараларын енгізу туралы Алматы облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылдың 8 қаңтарында жарияланған №1 қаулысын басшылыққа ала отырып аралас оқу форматына өттік. Аудан бойынша 9,11 — сыныптарда 4993 оқушы (9 -сыныпта 3469 бала, 11-сыныпта 1524 бала) аралас оқытумен білім алып жатыр. Онлайн қашықтан оқыту форматында 36 204 оқушы оқытылуда. Ал 1-5-сыныптарда дәстүрлі оқытуда 3562 оқушы бар, оның ішінде ата-аналардың өтініші негізінде офлайн және онлайн форматы енгізілді. Яғни, 1-сыныпта 113 топ (1536 оқушы), 2 -сыныпта 52 топ (611 оқушы), 3-сыныпта 46 топ (537 оқушы), 4 -сыныпта 55 топ (669 оқушы), 5-сыныпта 16 топ (209 оқушы) кезекші сыныптарда оқытылады. 6,7,8,10 -сыныптар онлайн және қашықтықтан оқуда,- дейді бөлім басшысы.
Өткен оқу жылында індет күшеюіне байланысты балалардың мектепке барып білім алуына мүмкіндік болмағандықтан қорытынды аттестацияның бағасы 4 оқу тоқсаны мен жылдық бағаға қарап шығарылған болатын. Бұл оқу жылында оқушылар дәстүрге сай емтихандар тапсырады. Сондықтан да 9, 11-сыныптар пәндердің 70%-ын мектепте, қалған 30%-ын қашықтан оқиды. Нақтырақ айтсақ ҰБТ мен қорытынды аттестацияға кіретін пәндер мектепте оқытылады. Офлайн өтетін сабақ кестесіне орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндері кірген. Бірақ сыныпта 15 адамнан артық емес, әлеуметтік қашықтық сақталып, 1-сынып – 1 кабинет қағидатын ұстанған. Сонымен қатар, бір уақытта мектепте жобалық қуаттың 30%-нан аспайтын адам болып, санитариялық-дезинфекциялық режим сақталып, бетперде тағу күшейтілген.
Сонымен қатар, мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылғаны да құптарлық іс екен.
Сала басшысының айтуынша, аралас оқу форматына көшу туралы шешім ата-аналар мен көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданған.

«Талғар-ақпарат».