Ақжол Қабдолда үшін 10 қаңтар ерекше күн болды. Былтыр кәмелеттік жасқа толған ол ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихаты депутаттарының сайлауына қатысып, алғаш рет өз таңдауын жасады. Таңдаған партиясына дауыс берген ол үлкен жауапкершілікті іс тындырғанын сезінді. Қаламыздағы 836 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасаған Ақжол сайлау науқанына қатысуды азаматтық парызы санайды.
-Мен де Қазақстанның азаматы ретінде сайлау учаскесіне келіп дауыс бердім. Алғаш рет Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезекті сайлауына қатысып, өз таңдауымды жасадым. Бұл менің азаматтық борышым деп санаймын. Ел болашағы — жастардың қолында емес пе. Сондықтан додаға түсіп жатқан бес партияның сайлауалды бағдарламаларымен танысып, теледидар мен әлеуметтік желілерде жүріп жатқан үгіт-насихат жұмыстарын бақылап жүрдім. Барлық партияның да беталысы жақсы. Барлығы да жастарға ерекше көңіл бөліп жатыр. Халықтың әл-ауқатын арттырып, инфрақұрылымды жақсартуға атсалысатындықтарын айтып жатыр. Десе де топтың арасынан өзім сенім артқан партияға дауысымды бердім. Қандай партия жеңіске жетсе де ел сенімін ақтап, жарқын болашағымыз үшін еңбек етсе екен деген тілегім бар,- дейді Ақжол.
Осы күні сайлауға жасы сексенге таяп қалған Дона Ахмедова әжеміз де келді. Еліміздегі саяси науқанның бірінен қалып көрмеген Дона әжей де өз таңдауын жасап, дауыс берді. Сайлау учаскесіндегі халыққа қызмет етіп отырған комиссия мүшелері мен бақылаушыларға ақ батасын беріп, ақжарма тілегін арнап, бір марқайтып тастады.
Қаламыздағы №836 сайлау учаскесінде 2143 сайлаушы тіркелген. Бұл күнгі сайлауға олардың 55 пайызы қатысып, дауыс берді. Яғни, 1175 азамат еліміздің болашағы үшін маңызды науқанда белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Алғаш рет дауыс беріп жатқан жастар мен қарттарға сайлау комиссиясының төрағасы Қайсар Жақыпов пен сайлау комиссиясының хатшысы Сандуғаш Досбергенова «Мадақтама грамотасы» мен естелік сыйлықтар табыс етті. Сайлаушыларды сайлау учаскесінің сайлау комиссиясының мүшелері жылы шыраймен қарсы алып, дауыс беру тәртібін түсіндіріп, тіркеуге алып отырды. Төсек тартып жатқандар болса сайлау парағын үйіне апарып, дауыс беруіне жағдай жасалды.
Перизат НҰРҚАЕВА,
Талғар