Тігіншілік кәсіпті нәсіп еткен

Тігіншілік  кәсіпті нәсіп еткен

Шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасын өркендетудің негізі болып табылатындықтан елімізде бұл саланы қолдауға жан-жақты жағдай жасалып келеді. Кешенді бағдарламалар қабылданып, келелі істердің жүзеге асырылуы да соның дәлелі. Сондықтан да өз ісін дөңгелеткісі келетін жандардың қатары жыл озған сайын арта түсуде.

Бүгінде кәсіптің кілтін ұстап, өз ісін алға бастырып отырған кейіпкеріміз Абдурахманова Әлияның тігіншілік өнерге деген қызығушылығы кішкентай кезінен-ақ байқалған көрінеді. Қуыршақтарына мата қиындыларынан небір әдемі киімдер тігіп, ойынның көрігін қыздыратын ол есейе келе жанына жақын мамандықты игеруді мақсат етеді. Алдымен ұстаздық мамандыққа ден қояды. Жоғары оқу орнында оқи жүре қосымша тігіншілік курстарына қатысып, білім алады. Осылайша ұстаздық мамандықпен қатар тігіншілік кәсіпті де игеріп, жақындарына күнделікті киетін киім үлгілерін тіге бастайды. Бірнеше жыл мұғалім болып еңбек еткен жас келіншек ақыры сүйікті ісімен шұғылдануға бел буады. Бұл бағытта ең алғаш еңбек жолын Алматы қаласындағы «Қызым» атты жеке ательеде бастап, тігінші мамандығының қыр-сырына тереңінен бойлайды. Осылайша мата мен қайшы, ине мен жіпті, тігін мәшинесін еңбек құралына айналдырып күрделі кәсіпті икемділікпен игеріп, тәжірибе жинақтап, төселе түседі. Әрдайым кәсіби біліктілігін жетілдіруге ынталы жастың арманы өз ісін ашу болатын. Нар тәуекелге бел буып 2018 жылы жаз айында Әлия Талғар қаласындағы шағын бөлмені жалға алып, тігіншілік өнерін оқытуға негізделген шеберхана ашады. Мұнда тігін курстарын өткізіп, білім алушыларға киім пішу, тігу, құрақ көрпе, оюлы-өрнекті көрпешелер тігудің техникасын үйрете бастайды. Қолға алған ісі алға басқан келіншектің кәсібін кеңейтуге қаржы тапшылығының қолбайлау болғаны жасырын емес. Осы бір кезде шарапаты мол мемлекеттік бағдарлама жайында естіген ол бірден аудандық жұмыспен қамту орталығына барып кәсіпкерлік біліктілігін арттыру жайында өтінішін білдіреді. Үйренген өнерін дамытып, осы салаға әбден машықтануды көздейді. Осылайша «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының ІІ бағытындағы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 1 айлық кәсіпкерлік негіздерін оқып, білімін жетілдіреді. «Атамекен» Кәсіпкерлік палатасы мамандарының жетекшілік етуімен өзінің бизнес жобасын дайындап, комиссия алдында сәтті қорғап шығады. Нәтижесінде 555 600 теңге қайтарымсыз грантқа ие болған ол кәсібіне қажетті соңғы үлгідегі тігін мәшинелерін сатып алып, бастаған ісін жандандыра түсуге кірісті. Шаңырақтың күнделікті тірлігімен қатар, тігіншілікті де қатар алып жүру нәзік жанды әйел заты үшін оңай шаруа емес, әрине. Сүйікті ісінің нәтижесін көргенде бар қиыншылық артта қалғандай сезілетіні рас. Бүгінде Әлия өзі қорғаған бизнес жобаға сай бүлдіршін қыздардың эксклюзивті сәндік үлгідегі көйлек үлгілерін тігуді жүзеге асырып отыр. Оған қоса тігін оқу курстарын өткізуді де қолға алған. Иә, тігіншілік өнер адамды іскерлікке, икемділікке, дәлдікке баулиды, шығармашылыққа, зеректік пен іздемпаздыққа тәрбиелейді. Оған табандылық пен ынта қажет. Бүгінгі таңда аталмыш шеберханаға келіп тігіншілік кәсіпті меңгергісі келетіндер аз емес. Олардың арасында кәсібін нәсіп етіп, тапсырыс қабылдап жатқандары да бар.
«Еңбегі бардың — өнбегі бар», «кәсіп түбі — нәсіп» деп, дана халқымыз тегін айтпаса керек. Бүгінде кәсібінен нәсіп теріп, сүйікті ісінің жемісін көріп отырған ісмер келіншекке еңбегің жана берсін, дегіміз келеді.

 

       Райхан АЗИМОВА,

Талғар