Жаңа сайланғандардың жауапкершілігі зор

Жаңа сайланғандардың жауапкершілігі зор
Күні кеше аудандық «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында аудандық партия филиалының Саяси кеңес Бюросының отырысы өтті. Бюро отырысына аудандық «Nur Otan» партиясының төрағасы, аудан әкімі Серікжан Ерекешев қатысып, ауданымыздағы сайлау науқанының өту барысына тоқталып, аталмыш додада белсенділік танытып, ұйымдастыру шараларына барынша атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Содан кейін ғана бюро отырысының күн тәртібіндегі мәселелерге кезек берді.
Бұл күнгі партияның Саяси кеңесінің Бюро отырысының күн тәртібіне бес мәселе қойылды. Жиынды жүргізіп отырған аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков жұмыс регламентін бекітіп, күн тәртібіндегі мәселелерге көшті. Күн тәртібіндегі бірінші мәселеге Талғар аудандық мәслихатына «Nur Otan» партиясының депутаттық мандат орындарын бөлу бойынша қаулысы енді. Қаулы мәтінімен бюро мүшелері толық танысқан соң, көпшіліктің қолдауына ие болды. Әрі қарай күн тәртібіне қойылған Талғар аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракциясын құру, Талғар аудандық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясының депутаттық фракция жетекшісін ұсыну, Талғар аудандық мәслихатының хатшысын ұсыну, Талғар аудандық мәслихаты жанындағы тұрақты комиссияларының төрағаларын ұсыну туралы мәселелер бойынша қаулылар қабылданып, бюро мүшелері бірауыздан қолдап, дауыс берді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»