Сайлау өтетін күн де жақын қалғандықтан, бір айдан бері толассыз жүріп жатқан үгіт-насихат жұмыстары да қыза түскен. Саяси додада жеңіске жету үшін әрбір сайлаушының дауысы маңызды екені рас. Осыған орай облыстық мәслихат депутаттығына үміткер А.Сембаев пен аудандық мәслихат депутаттығына үміткер Жұмахан Еңкебайұлы «Есіктен есіке» акциясы аясында Алматы облысының Құрметті азаматы, еңбек ардагері, «Құрмет» орденінің иегері Ардақ Мәутханұлы Сыдық ақсақалдың үйіне арнайы барып, сұхбаттасып қайтты. Емен-жарқын кездесу барысында кандидаттар «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған жеті басымдылық пен ондағы белгіленген негізгі міндеттер жайында ой бөлісті. Бағдарламаның басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту мен қатар тұрақты экономикалық даму болып табылатынын алға тартқан кандидаттар алдағы уақытта да ел игілігі жолында партияның жетекшілігімен жүзеге асырылып келе жатқан іргелі істердің жалғасатынын жеткізді. «Қарты бар елдің қазынасы бар» деп тегін айтылмаған, кездесу барысында аталы сөз бен баталы сөзін айтқан ардақты ақсақал үміткерлерге сәттілік тіледі.
10 қаңтар күні өтетін Парламент Мәжілісінің және маслихаттардың сайлауында «Nur Otan» партиясына қолдау көрсетіп, дауыс беруге шақырған үміткерлердің сайлауалды кездесулері әрі қарай да жалғасын тапты.
Райхан Азимова,
Талғар