Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетейік!

Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетейік!

Сайлау-2021

Ел өміріндегі маңызды саяси науқан саналатын сайлаудың өтуіне де санаулы күндер қалды. Сондықтан да үміткерлер осы бір уақытты барынша тиімді пайдалануға ұмтылуда. «Nur Otan» партиясы атынан тіркелген кандидаттар ауданымыздың елді мекендерін аралап, тұрғындарымен түрлі форматта кездесулер өткізуде.

Сондай кездесудің бірі Талғар қала­сын­дағы инновациялық білім беру орталығында өтті. Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Нұрдаулетов Сұлтан Нұрғайыпұлы аталмыш орталықта болып, ондағы білім алушылармен кездесу өткізді. 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмірі» атты «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында айқындалған негізгі жеті басымдықтармен таныстырып, ел игілігі үшін атқарылып жатқан істер турасында айтып өтті. Бұл ретте ішкі көші-қон мәселесінде еңбек ресурстары мен демография ерекше рөл атқаратынын тілге тиек еткен кандидат еліміздің солтүстік аймақтарында тұрғындар саны жыл санап кеміп, бірқатар ауылдар қаңырап бос қалып жатқанын айтты. Осыған орай «Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Талғар ауданынан теріскейге қоныс аударған 10 шақты отбасына үкімет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіліп, баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етілгенін жеткізген ол осы бір іске білек сыбана араласқанын айта келе, алдағы уақытта да бұл бағытта жұмыс жүргізетінін жеткізді. Сонымен қатар партия бағдарламасы аясында Алматы облысы бойынша 80 жаңа мектеп және 25 балабақша салу, 120 ауылдың 190 мың тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, 72 медициналық нысан салу есебінен денсаулық сақтау жүйесінің сапасы мен қолжетімділігін жақсарту, 99 ауылға газ тарту, туристік инфрақұрылымды дамыту сынды жоспарлы ауқымды істердің жүзеге асырылатынын алға тартты. Кездесу барысында сөз алған аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Айнаш Махатова нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауданымызда жүзеге асырылып келе жатқан жұмыстар жайын қысқаша баяндап өтті. «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту арқылы, оларға өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік жасалып, шағын және орта кәсіпкерліктің қанатын кеңейтуге қайтарымсыз қаржылай көмек, төменгі пайызды несие рәсімделгенін алға тартты. Сөз соңында саяси додаға түсіп отырған үміткер С. Нұрдаулетовтың іскерлігін айта келе, сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Мыңнан аса жұмыссыз жүрген жастар мен көпбалалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі жандарды кәсіпке бейімдеп қысқа мерзімдік оқу курстарын жүзеге асырған аталмыш инновациялық білім беру орталығының директоры Н.Үмбетова өз сөзінде ел дамуының негізгі тірегі болған қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтаудағы жетекші партияның рөлі қашанда зор екенін айта келе, еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы қолжеткізген жетістіктері мен тарихи маңызды шешімдері «Nur Otan» партиясының жетекшілігімен жүзеге асып келе жатқанын жеткізді. Сайлаушылардың үкілі үмітін арқалап, сенімінен шығуды мақсат еткен депутаттыққа үміткер Сұлтан Нұрғайыпұлына сәттілік тілей отырып, өз ұсыныс-пікірін алға тартты. Қысқа мерзімді курстарды тәмамдап, белгілі бір кәсіпті меңгеріп шыққан жандар өзін-өзі жұмыспен қамтылғандар қатарында бірыңғай жиынтық төлемдерін төлейді, бірақ ол тұрақты жұмыспен қамтылған болып есептелмейтіндіктен, бірқатар қиыншылық көретіндерін айтты. Сондай-ақ «Әлеуметтік серіктестік» аясында жұмыс беруші мен жұмыскердің еңбек қатынастарын реттеуді, жұмыскердің қауіпсіздігі мен өмірі үшін жауапкершілікті күшейту керектігін баса айтып, алдағы уақытта депутат болып сайланса осы мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысуын сұрады.
Кездесу соңында жиналғандар тарапынан түскен бірқатар сауалдарға жауап берген облыстық мәслихат депутатына үміткер С.Нұрдаулетов сайлаушыларға алғысын жеткізіп, «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетейік! Сайлау күні «Nur Otan»-ға дауыс беріңіздер» деп, алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға шақырды.
Райхан Азимова,
«Талғар»

(Материал ақылы,
«Nur Otan» партиясы есебінен
келісім-шарт негізінде төленеді)