ЕРІКТІЛЕР ІСІ ЕЛЕНДІ

ЕРІКТІЛЕР ІСІ ЕЛЕНДІ

Ағымдағы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялаған болатын. Осыған орай апта басында аудандық әкімшілік ғимаратында еріктілер жылының қорытындылануымен басталды. Жыл соңында өткен салтанатты жиынның мақсаты белсенділік көрсеткен жомарт жандарды марапаттау болды. Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Ахмет Әшімахұнұлы осы жылы еріктілердің жеткен жетістіктерімен қатар, күшейтілген карантин тұсындағы жасаған сауапты істері туралы айтып өтіп, алғысын білдірді.

Аталған жиынға шақырылғандар ара­сын­да жағдайы аз қамтылған отбасылардың жанынан табылып, жоқ-жітігін түгендеп жүретін «Leader NSK» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Нұрболат Са­тымханұлы сынды кәсіпкерлер де төбе көр­сетті. Сонымен қатар із-түзсіз жоғалып кет­кен адамдарды іздеумен айналысып жүрген «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының иегері, «ЛидерКз» еріктілер қозғалысының жетекшісі Блац Дильмира Кутлукжанқызы, «Нұрлы жүрек» волонтерлер тобының же­текшісі Даулетшин Ғалым Ғазизұлы сынды азаматтар да осы жиынға шақырту алып, аудан әкімінің «Алғыс хатына» ие болды. Өз кезектерінде 2020 жылдың ауыртпалықтарын атап өте келе жұмылған жұдырықтай ауызбіршілік көрсеткен қоғам өкілдеріне алғысын білдірді. Бұдан бөлек ауданымызға қарасты әр округтен жиналған белсенді еріктілерге Облыстық және аудандық жастар ресурстық орталығы жетекшілерінің атынан «Алғыс хаттар» табыс етілді.
Өтер жылға өкпе артпасақ та, еліміз үшін ғана емес жалпы әлем үшін оңайға соқпады. Дендеген індеттен іргесі ыдырап, қайғыдан қара жамылған отбасыларды да көрдік. Алайда осынау шақта бойын үрейге бермей әр түрлі салаға көмекке барғандар да осы еріктілердің әрекетін ерлікке бағалауға да болатын шығар. Адал еңбегіне ақы сұрамай елдің алғысына бөленген еріктілер ісінің еленгеніне қуаныштымыз.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»